Мәжілісте Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтына университет мәртебесін беру ұсынылды
Депутат Жұлдыз Сүлейменова оқу орнының материалдық-техникалық базасын нығайту керектігін айтты
Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшеcі Жұлдыз Сүлейменова Үкіметке Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтына университет мәртебесін беруді ұсынды.
Ол 50 жылдық тарихы бар Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтын дамытуға байланысты ұсыныстарын алға тартты. Айтуынша, Үкімет Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтына университет статусын беру жұмыстарын ұйымдастыру керек.
Бұл оқу ордасы білім беру, ғылымды дамыту, халықаралық ынтымақтастықты арттырумен қоса, Астана қаласы, Ақмола облысы үшін лайықты ұстаздар даярлауға, педагогтердің тапшылығын шешуге мүмкіндік береді. Екіншіден, институтта магистратура, PhD докторантура ашу қарастырылсын. Бакалавриат деңгейіндегі білім беру бағдарламаларына арнайы педагогикалық квота бөлінсін, – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Осы ретте ол институттың материалдық-техникалық базасын нығайтуға, педагогикалық зертханалар, инновациялық методикаларды енгізу орталықтары, инклюзивті білімге ұстаздарды даярлайтын әдістемелік орталық, жатақхана мен оқу корпустары ғимараттарына республикалық бюджетті бекіту кезінде нақты шаралар қабылдауды ұсынды.