Nobel Fest: Досым Сәтпаев сепаратизм, білімсіздік, мәдениет туралы айтты

Айнұр Шошаева

Елордада Нобель фестивалі басталды

Досым Сәтпаев, фото: azattyq.org

Қазақстанда соңғы жылдары қалыптасқан урбанизация үдерісі болашақта үлкен проблемаға әкеліп соғуы мүмкін. Яғни, қалалардың жасанды түрде кеңейтілуін қауіп ретінде қабылдау қажет. Оған қоса, елдегі демографиялық өзгерістер, яғни жастар санының айтарлықтай артуы болашақта еңбек нарығын тығырыққа тіреуі мүмкін. Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан Нобель фестивалінде баяндама жасаған белгілі қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтпаев мәлімдеді. Ол Қазақстан қоғамындағы бірқатар проблемаға қатысты пікірін ашық айтты.

Сарапшының ойынша, Қазақстан әлемде болып жатқан геосаяси кеңістікке өте осал ойыншы ретінде кіріп отыр.

«Қауіпсіздік жағынан қарайтын болсақ, біздің әскеріміз өте осал, ақпараттық қауіпсіздігіміз насихаттан аспай қалған, экономикамыз әлі де шикізатқа тәуелді. Біз үшін өте қауіпті тағы бір мәселе – қоғамның ішінде қарама-қайшылық өте көп. Тағы бір маңызды проблема - Қазақстанның ішінде өте ауқымды әлеуметтік бейберекеттік қалыптасып келеді. Қарапайым тілмен айтқанда, қаңтарда көргенімізді бейберекет көтеріліс деп атауға болады. Ол бір күнде пайда болған жоқ, жылдар бойы қалыптасқан нәрсе», - деді ол сөзінде.

Сарапшы қаітар оқиғасына да тоқталып, мәдениетсіздік пен надандық туралы сөз етті.

«Интеллектуалдық, мәдени төмендік әр елдің ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді. Саясат туралы сөз қозғалса, міндетті түрде саяси мәдениет деген сөз айтылады. Кез келген салада мәдениет керек. Құқықтық мәдениет, қаржылық мәдениет, байлық мәдениеті. Мәдениет ұғымы өте маңызды. Диалог мәдениеті болмаса қараңғылық пайда болады. Ал қараңғылық соқыр нанымдар мен «қара аққулардың» пайда болуына әкеледі. Біз бұрын бір дәуір өткен сайын адамзат неғұрлым мәдениетті және білімді бола түседі деп ойлайтынбыз. Соғыс, геноцид, қақтығыстар азая береді, адамзат жақсара береді деген ойда болдық. Ал қазір біз аномалияға тап болдық. Яғни, бұл жерде сан сапаға ауысып жатқан жоқ», - дейді ол.

Досым Сәтпаевтың айтуынша, ақпараттың неғұрлым көбеюі және онлайн білімге қолжетімділік те ағартушылық дәуіріне әкелген жоқ. Керісінше, сыни тұрғыдан ойлау қабілеті жоқ, яғни «зомби» адамдардың дәуірі басталды.

«Технологиялық даму мысалында білімді адам көбейеді деген. Бірақ іс жүзінде олай болып жатқан жоқ. Керісінше, санасыз, білімсіз адамдар танымал болып жатыр. Кез келген жағымсыз идея тобырдың арасында жылдам таралады. Сіз мықты философ болсаңыз және сол тобырдың арасында қалсаңыз, міндетті түрде сол жағымсыз идеяны жақтап кетесіз. Бұл - тобыр психозы деп аталады. Ақпараттық революция бір жағынан әлемді біріктірсе, екінші жағынан әртүрлі адамдар арасындағы алшақтыққа әкелді. Білім дағдарысы пайда болды. Жаһандық картаға қарайтын болсақ, әлемде философтар жоқ болып кетті. Философиялық ой көптеген ғасырлар бойы өзекті әрі маңызды болатын. Соның айналасында жаңа идеялар пайда болып, жаңа ғылыми бағыттарға айналатын. Қазір гуманист, танымал философтар өте аз. Бар болуы мүмкін, бірақ белгілі бір ойды жаһандық деңгейде айтып, көрсете алатындар аз. Сол себепті идеялар вакуумы пайда болды»,  - деп толықтырды сөзін.

Сондай-ақ саясаттанушы әлеуметтік желіде тез тарайтын фейк ақпарат тарататын адамдарға қатысты ойын айтты. 

«Қазір біз жаңа ортағасырлық схоластардың пайда болғанын көріп отырмыз. Әлеуметтік желілерде өзінің ойын емес, басқа біреудің - тексерілмеген, пікірталастан өтпеген, сыналмаған ойын айтып жатқан адамдарды көп көріп жүрміз. Бұл өте қауіпті трендт - инфодемия, фейкократия және қастандық теориясының ушығуына әкелуі мүмкін», - деді ол.

Досым Сәтпаев еліміз үшін геосаяси қауіптердің бірі сыртта емес, Қазақстан қоғамының өз ішінде екенін айтты.  

«Қазақстан қоғамының ішіндегі конфронтация әртүрлі бағыттар бойынша жүріп жатыр. Тілдік саясат бойынша, Ресейге, Қытайға байланысты, тіпті Украинадағы жағдай Қазақстан қоғамын бөліп жатыр. Бұл үлкен проблема. Бізде әртүрлі құндылықтар қақтығысы ғана болып жатқан жоқ. Қазақстан халқының бір бөлшегі өзін халықтың бір бөлігі ретінде санамайды. Себебі халықтың бір бөлігі осы елде болғанымен, ойы көрші елдің ақпараттық кеңістігінде «қалып қойды». Сепаратизмнің екі түрі бар: бірі - билік пен халықтың сепаратизмі, екіншісі бірлескен сепаратизм. Қоғам бөлінсе, ондай қоғамды жойып жіберу өте оңай. Және ол елдің үкіметі кез келген геосаяси ойыншының қолында ойыншық болып кетуі мүмкін», - деп қосты ол.

Сарапшының ойынша, кедейшілік бар жерде мәдениет туралы сөз айту артық. Сондықтан, қоғам ішіне іріткі түспес үшін алдымен мәдениетті көтеру керек.

«Қаңтарда адам өлтіріп, тонап, ұрып жүргендер жастар рецедивистер емес, олар Қазақстан қоғамының бір бөлшегі. Кедей қоғамда театр дегенді ақшасын қайда шашарын білмей жүрген ауқатты адамдардың ермегі ретінде қабылдайды. Бүгін қандай тамақ жеймін деп басын қатыратын адам мәдениетке ұмтылмайды. Қоғам даму үшін орта тап даму керек, өмір сүру сапасы артуға тиіс. Ал орта таптың дамуы сауатты мемлекеттік саясатқа, таңдау еркіндігінің болуына байланысты. Адам бос уақытын қалағанындай өткізуі үшін қаражаты болуы керек. Тек тамағын ойлаған адам білім, мәдениетті ойламайды», - деді Досым Сәтпаев.

Саясаттанушының пікірінше, Қазақстанда мәдени абгрейд болу үшін алдымен аумақтық және әлеуметтік теңсіздікті жою керек.

«Мәдениет, білім сапасын тек Алматы мен астанада ғана емес, еліміздің барлық өңірінде ілгерілету керек. Тек зауыт салумен шектелмей, өңірлерде кітапхана, үйірме, театрлар салу керек. Өңірлерде білім беру орталықтарын ашу керек», - деді сарапшы.

Екіншіден, Қазақстандағы балалар кедейлігін маңызды проблема ретінде мойындап, оның шешімі мемлекеттің алдындағы стратегиялық мәселе ретінде қойылуға тиіс.

Үшіншіден, жастар арасындағы тәрбие мен ағарту жұмысы саяси мәдениеттің басты бағыты болуы керек.

Төртіншіден, мәдениет саласы қызметкерлерінің әлеуметтік және материалдық статусын көтеру.

Бесіншіден, меценаттық және демеушілік институтты белсенді қолдау.