Қытайдың Франциядағы елшісі бұрынғы КСРО елдерінің тәуелсіздігіне күмән келтірді
ҚХР өкілінің пікіріне Украина мен Балтық жағалауы елдері жауап берді
Қытайдың Франциядағы елшісі Лу Шэй бұрынғы КСРО елдерінің тәуелсіздігіне күмәнмен қарайтынын жасырмады. Ол бұрынғы Кеңес Одағының республикаларын халықаралық құқықта ешқандай мәртебесі жоқ, қолдан жасалған құрылымдар екенін атап өтті.
Бұл туралы ол Францияның LCI телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді. Оның айтуынша, бұрынғы КСРО елдерінің халықаралық құқықта ешқандай мәртебесі жоқ. КСРО ыдырағаннан кейін құрылған мемлекеттердің ешқандай статусы, яғни мәртебесі жоқ. Болған да емес.
Өйткені, олардың мәртебесін егеменді ел ретінде нақтылайтын халықаралық келісім жоқ, – деді Қытай елшісі.
Сонымен бірге, Қытай елшісі Қырымды Ресейдің бір бөлігі деп санайтынын, бұл түбек Ресей империясының жері болғанын, Хрущев оны Украинаға сыйлық ретінде бере салғанын айтты. Осыдан кейін Қытай елшісінің пікіріне Украина мен Балтық жағалауының елдері жауап берді.
Латвия, Литва және Эстония Сыртқы істер министрліктері Қытай дипломатының посткеңестік елдердің егемендігі туралы мәлімдемесінен кейін Рига, Вильнюс және Таллиндегі Қытай елшілерін шақырды. Ал Еуропа Парламентінің депутаттары ҚХР-дың Франциядағы елшісін персона нон гранта деп жариялауды талап етіп жатыр.