Павлодарда ономастикалық комиссия бекіткен 17 көшенің атауы әлі қазақшаланбаған

Данияр Айтпайұлы

Павлодар және петиция: қала атауының қашан қазақшаланатыны белгісіз

фотолар: ашық дереккөзден

Былтыр Павлодарда қоғамдық тыңдаудан сәтті өткен облыс орталығындағы 17 көшенің атауы әлі қазақшаға ауысқан жоқ.

Қазақстан тәуелсіздігін алғалы үздіксіз көтеріліп келе жатқан мәселелердің бірі – Павлодар қаласының атауы. Бұл мәселе әлі күнге дейін шешімін таппады.

Кеше «JEBE» қоғамдық бірлестігі қала атауын өзгертуге қатысты бастама көтергені жайлы ақпарат тарады. Алайда, ұйым мүшелері бұл петицияға қатысы жоқ екенін мәлімдеп отыр.  

«Біз Павлодар қаласының атауын қазақшалау туралы бірнеше рет бастама көтергеніміз жасырын емес. Осыдан екі жыл бұрын, карантиндік шектеулердің алдында Мәжіліс депутаттарымен жүздесіп, облыс орталығына «Ертіс» атауын беруді алғаш болып ұсынған едік. Бұл нұсқа көпшілік тарапынан қолдау тапты. Бірақ бұл жолғы петицияға қатысымыз жоқ. Алайда, мәселені күн тәртібінен түсірмейміз», - дейді қоғамдық бірлестік мүшесі, қоғам белсендісі Жарқынбек Амантай.

Петицияны кім жариялағаны белгісіз. Десе де, бірнеше сағаттың ішінде облыс орталығына қазақша атау беру ұсынысын 17 мыңнан астам адам қолдап, қол қойып үлгерді. Қарсы шыққандардың саны 10 мыңнан асып жығылады. Осылайша қоғамда қала атауына қатысты пікір екіге жарылды. Әдеттегідей көпшілік тұрғындар «ономастика мәселесін шешетін уақыт туды» десе, енді бірі «Павлодар болып қалуға тиіс» деп үзілді-кесілді қарсы шықты.

Аталған мәселе бойынша Павлодар қаласының әкімі Асайын Байхан түсініктеме берді. Оның айтуынша, әкімдікке облыс орталығының атауын қайта атау қазір қарастырылып жатқан жоқ.

«Соңғы бірнеше күнде әлеуметтік желілерде Павлодар қаласының атауын өзгерту туралы петиция талқылануда. Бұл өтініш жеке тұлғаның бастамасы және жергілікті атқарушы органдарға қатысы жоқ. Облыс орталығының атауын қайта атау мәселесі бойынша қала әкімдігіне ресми өтініштер түскен жоқ және бұл мәселе қазір қарастырылып жатқан жоқ», - деді шаһар басшысы.

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, күрескер ақын Арман Қани алдағы бірнеше жыл бедерінде қаланың да, облыстың да атауы (Павлодар) өзгеретініне сенімді.

«Ресей империясы мен Кеңес одағы келмеске кеткенімен, оларға қатысты атаулар Ертіс-Баян өңірінде әлі де әспеттелуде. Оның басты көрінісі ретінде сонау 1861 жылы Александр ІІ-шінің жаңа туған ұлы Павел Романовтың құрметіне қойылған Павлодар атауы бәз-баяғы қалпында тұр. Оған облысымызда кеңестік кезеңді көксейтіндердің қатарының әлі де болсын көптігі себеп болып отыр. Ал жергілікті билік солардың қас-қабағына қарайды. Әрине, дәл қазіргідей әлемдегі шиеленіскен геосаяси жағдай тұсында ономастика мәселесі оң шешіле қоймас. Бірақ Павлодар қаласының да, облыстың да атауы қазақшаланатынына сенімдімін», - дейді Арман Бақтанұлы.

«МОРАТОРИЙ МЕН ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫ КЕДЕРГІ БОЛДЫ»

Былтыр, сәуір айында Павлодар қаласында қоғамдық тыңдау өтіп, тұрғындардың басым көпшілігінің шешімімен Мир, Урицкий, Донецкая, Парковая, Кубанская, Совхозная сияқты жалпы саны 17 көшеге қазақша атау ұсынылып, қабылданған болатын. Бұл ұсыныс республикалық ономастикалық комиссиямен де бекітілді. Алайда, бір жыл өтсе де көшелердің атауы өзгерген жоқ.

Мәселенің мәнісін Павлодар облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Медет Тауасқан түсіндірді.

«2021 жылдың мамырынан бастап 31-желтоқсанына дейін еліміз бойынша көше атауларын қайта атауға мораторий жарияланғаны белгілі. Ал биыл, жыл басында елімізде дүрбелең басталып кетті. Осы жайттардың салдарынан 17 көшеге қазақша атау беру шегерілді. Енді бұл жұмысты мамыр айында қайта қолға алуды жоспарлап отырмыз. Тек облыстық мәслихаттың бекітуі қалды», - дейді басқарма басшысының орынбасары.

Басқарма өкілінің айтуынша, соңғы 5 жылдың ішінде Павлодар облысы бойынша 607 көше, 26 елді мекеннің атауы ауысқан.  

«Павлодар қаласын жекелей алар болсақ, 334 көше бар. Бірнеше жылда негізгі 18 көшенің атауы өзгертіліп, Құдайберген Сұрағанов, Жүсіпбек Аймауытов, Әлихан Бөкейханұлы, Мәшһүр Жүсіп, Ермұхан Бекмаханов, Едіге би, Бұқар жырау, Нұрсұлтан Назарбаев, Сағадат Нұрмағанбетов, Малайсары батыр, Баян батыр, Шәкәрім Құдайбердіұлы сынды тұлғалардың есімдері берілді», - дейді М.Тауасқан.

Басқарма ұсынған мәліметке сүйенсек, облыста бірқатар мекемелерді қайта атау жұмыстары жүргізілуде. Үкімет қаулысымен Павлодардағы балалар музыка мектебіне Құрманғазының, Приреченск ауылдық мектебіне Қаныш Сәтбаевтың, Агрономия жалпы орта білім беру мектебіне Талғат Бигелдиновтің, Харьков мектебіне Ыбырай Алтынсаринның есімі беріледі.

Сондай-ақ, кеше өткен республикалық ономастикалық комиссияның оң қорытындысы бойынша Успен ауданындағы бірқатар білім беру мекемелері Ахмет Байтұрсыновтың, Мағжан Жұмабаевтың, Абайдың, Мұхтар Әуезовтің, Мәншүк Мәметованың, Шәкен Аймановтың есімімен аталатын болады.

Бүгінгі таңда Павлодар облысы аумағында 3 қала, 10 аудан, 5 кент, 126 ауылдық округ, 352 ауыл, 3523 көше тіркелген. Олардың ішінде 2 қала, 7 аудан, 240 ауыл және 1742 көшенің атауы қазақша. Пайызға шаққанда округтердің 65℅-ы қазақ тілінде, 35 ℅-ы өзге тілде, ауылдардың 68℅-ы қазақ тілінде, 32℅-ы өзге тілде, көшелердің 49 ℅-ы қазақ тілінде, 51℅-ы өзге тілде.