Жансая мен Бибісара дауы, спорттағы хайп: тұңғыш гроссмейстермен сұқбат
Гүлісхан Нахбаева – гроссмейстер, шахматтан Қазақстанның 7 дүркін чемпионы
Шахматтан Қазақстанның 7 дүркін чемпионы, 2012 жылы гроссмейстер атанған Гүлісхан Нахбаева Halyq Uni тілшісіне сұқбат беріп, ерлер мен әйелдер арасындағы сыйақы мөлшеріне қатысты алшақтыққа қатысты ойын айтты. Сондай-ақ халықаралық турнирлерде қазақстандық шахматшы жігіттердің есімі жиі аталмай кеткенінің бірнеше себебін атады.
– Гүлісхан, FIDE ұстанымы бойынша қыздар мен ерлер арасындағы сыйақы мөлшері екі түрлі. Соған сәйкес жеңіске жеткен, жүлделі орын алған шахматшы қыздарға ерлерге қарағанда аз ақша төленеді. Бұл қашан түзеледі?
– FIDE-нің қазіргі бағыттарының бірі – қыздар мен әйелдердің төламақысын көбейту, төлемақысын арттыру. Шахматтағы қыздардың белсенділігін арттыру. Сол себепті FIDE-де 2022 жыл «әйелдер жылы» деп аталды.
Қазір Еуропа чемпионатында ерлер де, әйелдер де бірдей сыйақы алады. Алматыда 25-31 желтоқсанда блиц және рапид шахматтан әлем біріншілігі өтті. Сыйақыға қарасақ, ерлер мен әйелдер де бірдей сыйақы алды. Демек, бірте-бірте FIDE өткізетін жарыстардағы сыйақы бірдей болып келеді.
Барлық чемпионатта осындай теңдік сақталып жатыр деп айта алмаймыз. Себебі көптеген жарыс демеушілердің қолдауымен өтеді. Ішінде кейбірі жүлделі үш орынға және жақсы өнер көрсеткен шахматшыларға сыйақы мөлшерін өздері бекітеді.
FIDE мәліметіне сәйкес, жыл сайын шахмат бойынша 120 мыңға жуық жарыс өтеді. Сондай-ақ шахмат көпшілік арасында белгілі спорт түрі болып келе жатыр. Әлемде 6 млнға жуық адам шахматқа қызығады. Сол себепті барлық жарысқа бірдей заңдылық енгізу мүмкін емес. Бірақ ресми жарыстарда тепе-теңдікті ұстап келеді.
Шахмат ақыл-ойдың додасы болғандықтан, бұрын ерлер жақсы ойнайтын. Қыздардың арасында ерлермен бірдей сайысқа түсіп жатқан шахматшы көп емес.
– Шахматшы физикалық жағынан қаншалықты дайын болуы керек?
– Бір шахмат ойыны 5 сағатқа, кейде 7 сағатқа созылады. Астана қаласында әлем біріншілігі өтіп жатыр. Ресейлік Ян Непомнящий мен қытайлық Дин Лижэнь екеуі Әлем чемпионы атағына тартысып жатыр. Екеуінің ойыны 7 сағатқа созылуы мүмкін. Кей ойында 140 жүріс, кейде 150 жүріс болады.
5-6 сағатта шахматшылар шаршайды. Осы тұста кім физикалық жағынан мықтырақ деген сұрақ туындайды. Осындай ұзақмерзімді шахмат додасына бірі жүгіріп, бірі бассейнге барып дайындалады.
– Қыздар арасындағы шахмат жарысын ұйымдастыру кезінде де олқылықтар жіберіледі. Яғни, қыздарға ерлерге қарағанда аз көңіл бөлінеді. Жақында Үндістанда өткен әйелдер арасындағы Гран-при турнирінде шыққан шу да соны көрсетеді.
– Дау шыққан FIDE Гран-при турниріне әр шахматшы өзінің ұпайын арттыру үшін қатысады. Яғни, командалық ойын емес. Ол жерде Бибісара Асаубаева керемет ойын көрсетіп, 2-орын алды. Бұл – өте үлкен көрсеткіш.
Бұл жерде ұйымдастыру тарапынан кемшілік болды. Гран-при турнирі – беделді жарыстардың бірі. Әлем бойынша тек 12 шахматшы шақырылды. Олар топ жарып, іріктелді. 12 шахматшыны жақсылап күтіп алуға да болатын еді. Бірақ деңгей де әртүрлі. Кейде осындай жағдайға тап боламыз. Өзім де шахмат ойнап жүріп көптеген елді араладым. Кейде ұйымдастырушылар күтіп те алмайды.
Турнирге қатыспау – Жансая Әбдімәліктің жеке шешімі. Өзін эмоциялық тұрғыдан ұстай алмаған шығар. Мүмкін Жансаяға дөрекі сөйлеген шығар. Түрлі жағдай болуы мүмкін.
Бибісара Асаубаева әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Бірақ бұл жерде әр шахматшы жеке ойнайды, қатысу-қатыспау да жеке шешімі.
– Ал басқа шахматшының жеке шешімін көпшілік талқысына салу қаншалықты орынды болды?
– Әр шахматшы өз әрекетіне өзі жауап береді. Қыздар Қазақстанның беделді шахматшылары болғандықтан, осылай шу қылып көтерудің қажеті жоқ еді. Қазір «хайп» деген бренд сөзге айналды. Көптеген спортшы хайппен айналысады. Өздерінің менеджерлері болады. Әрқайсысының өз саясаты бар.
Ұлттық құрамадағы шахматшыларға берер кеңесім – мұндай жағдайды көп көтерудің қажеті жоқ. Ешкіммен жеке сөйлескен жоқпын. Себебі шулы жағдайда бейтарап пікірде қалғанды ұнатамын.
– Қазақстандық шахматшыларға келсек. Қыздар арасында қазір шахматта сабақтастықты байқаймыз. Мысалы сіз және Гүлмира Дәулетова бастап, одан кейін Динара Сәдуақасова мен Жансая Әбдімәлік жалғады. Қазір Бибісара Асаубаева мен Меруерт Камалиденова, Ксения Балабаева өкшелей басып келеді.
Ал жігіттер арасында мұндай байланыс үзілді. Мысалы Ринат Жұмабаев, сіздің бапкеріңіз болған Мұртас Қажғалиев бар. Қазір 20 жасқа дейінгі шахматшы жігіттердің аты жиі атала бермейді. Неге жігіттердің шахмат мектебін жоғалтып алдық?
– Иә, ерлер арасындағы нәтиже халықаралық дәрежеге келгенде біздің қыздардың көрсеткішінен төмен. Бұл мектепке байланысты. Қыздар арасындағы әрбір жеңіс келесі жеңіске бір қадам жақындатады. Шымкент қаласында шахмат мектебін ашқан кезде көптеген ата-ана шахматқа қыздарын алып келетін. Ұлын карате мен боксқа береді.
Менің жеңісім, одан кейін Жансая Әбдімәлік пен Динара Сәдуақасованың жеңісі басқа қыздарға, көптеген отбасыға үлгі болып жатыр.
Ата-аналардың ұлын шахматқа бермеуінің бірнеше себебі бар. Бірі – шахматта жеңіске жеткен жігіт шахматшының аты аталмауы. Сондай-ақ ата-ана кейін шахматпен отбасын қалай асырайды деп ойлайды. Ол қазақтың менталитеті. Бұл жерде көптеген ақпараттандыру жұмыстарын жүргізу қажет.
Қазақстан шахматындағы мәселенің бірі – мықты бапкердің жоқтығы. Жігіттер шахматта жақсы болуы үшін бапкерлері де мықты болуы керек. Олар халықаралық дәрежедегі гроссмейстерлерді іздейді және Ресей, Беларусь елдерінен шақырады. Бірақ қаржы мәселесіне тап болады.
– Шахматпен ғана айналысып жан бағуға бола ма? Әр ойыннан қанша көлемде қаржы беріледі?
– Ол шахматшының дәрежесіне байланысты. Көптеген халықаралық жарыста жеңсе, сыйақысы бар. Шахматшы болып отбасын асырау үшін ТОП-10 не ТОП-20 деген тізімге ену қажет.
– Қазақстандық шахматшылар бақуатты ма?
– Жағдайлары жақсы деп ойлаймын. Мемлекеттен қолдауды жақсы алып жатыр. Бұл – біріншіден. Ал екіншіден, олар жарыстарға барып, жүлделі орын алып жатыр.
– Шахмат «жұлдызы» болу үшін ауқатты немесе орташа табысы бар отбасыда дүниеге келу қажет пе?
– Бала қандай жағдайдағы отбасыда дүниеге келгеніне қарамастан, барлығына бірдей мүмкіндік жасау – өте қиын. Шахматпен жақсы айналысу үшін қаржылық қолдау өте маңызды.
Одан бөлек ата-ана түсінуі қажет. Бала бір рет жеңіліп жылап келсе, «болды, таста», «маған сенің жылағаның қажет емес» дейді. Ондай да ата-ана бар. Мұндай кезде бірден баласын алып кетеді де, басқа секцияға береді.
Екінші жағынан алсақ, бай отбасының баласында мотивация болмауы мүмкін. Шахматтан чемпион болу оған не үшін қажет? Чемпион болу балаға не береді?
Бізде спорттағы чемпиондардың көбі ауылдан шыққан. Оларда мықты мотивация бар – ақша табу.
– Кейінгі кезде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шахматшы қыздарды жиі қабылдайды. Бір кездесуде сіз де болдыңыз. Сіз не ұсындыңыз? Президент не деді?
– Иә, Дүниежүзілік олимпиадаға аттанар кезде кездестік. Президент бізге жеңіс тіледі. Көтерілген мәселе – шахматты әрі қарай дамыту, балалар арасында танымал ету.
Ол кезде Шымкентте білім басқармасы басшысының орынбасары болып жұмыс істеп жүргенмін. Жұмыс барысында шахматты мектеп бағдарламасына енгізу бойынша қала әкімі Мұрат Әйтеновке ұсындық. Әкім қолдады. Мемлекеттік мектептерде шахматты дене шынықтыру сабағының үшінші сағаты ретінде өткіздік. Бұл пилоттық жоба болды. Министрлікке де жобамызды таныстырдық. Ол кезде Асхат Аймағамбетов жақсы қабылдап, басқа өңірлерге таратуға болады деп ұсынды.
Шахматты мектепте факультатив ретінде емес, пән ретінде енгізу бойынша ұсыныстар айтылды. Президент оны жақсы қабылдады. Сол кезде туған күнім еді. Президент туған күніммен құттықтаған кезде үлкен әсер алдым, көңіл күйім де көтерілді.
Президентке өте қызық болды деп ойлаймын. Себебі ол кісі шахматшыларды жеке таниды екен. Дипломат болып жұмыс істеген кезде Виктор Корчной, Анатолий Карпов секілді мықты шахматшылармен араласқан екен.
– Шахматтағы карьераңызды аяқтадыңыз ба? Саяси карьераны бастап, шахматты тастап жатырсыз ба?
– Жоқ, олай айтуға келмейді. Себебі әлі күнге дейін ұлттық құраманың ішіндемін. Мемлекеттік қызметте болғандықтан, ол жақтан жалақы алмаймын.
Ұлттық команда құрамында жарыстарға тек елім үшін, Отаным үшін деп қатысамын.
Үш баланың анасымын, мемлекеттік қызметтемін. Сол себепті шахматқа көп көңіл бөле алмай жүрмін. Дайындықсыз жарысқа қатысып, ойнағым келмейді.
Қазір қызым 1,5 жаста. Бірақ сәті келер. Алайда шахматты ұмытпаймын, ешқашан тастамаймын.
– Шахмат – жеке спорт түрі. Арасында командалық турнирлер болады. Мысалы кеше ғана қазақстандық шахматшы қыздар Әлем құрамасына қарсы ойнады. Осындай ойындар кезінде команданың ішіндегі атмосфера қаншылықты маңызды?
– Әрине, ол нәтижеге әсер етеді. Себебі командада төрт тақта бар. Төрт тақтадан 2,5 ұпай жинайтын болсақ, біз жеңіп кетеміз. Егер әрқайсысы өзінің басын құтқарып жататын болса, командалық нәтижені көре саламыз. Кейде тең ойнап жатсаң да, жеңуге тырысу қажет болады. Себебі бір шахматшының тең ойнап жатқаны – команда үшін жеңіліс. Ол кезде бір-біріне бауырмал болып, патриоттық сезіммен ойнау қажет. Өз тәжірибемде жеке басын ойлап кеткен жағдайлар болды. Бірақ ешқашан әлеуметтік желіде жариялаған емеспін. Бұл біздің ішкі дүниеміз.
– Гүлісхан, әңгімеңізге рахмет! Сізге сәттілік тілейміз!