Солтүстіктегі мекендестерім қазақша сөйлеп жүр, – деді депутат
Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінде бірнеше күннен бері қырғыз әліпбиін кириллицадан латыншаға ауыстыру мәселесі талқыланып жатыр.
Қырғызстанда осы мәселе бұрыннан бері айтылып келеді. Бастама көтеріп жатқандардың көбі – Парламент депутаттары. Соның бірі – Нұржігіт Қадырбеков Жогорку Кенештің отырысында тағы да осы мәселені қозғап, қырғыз әліпбиіне реформа керектігін айтты.
Бұл – өте маңызды мәселе. Оңтүстіктегі қырғыздар өзбекше, солтүстіктегі қырғыздар қазақ пен татар тілінде сөйлеп жүр. Сөздерді дұрыс айту үшін алфавитте кейбір әріптер жетіспейді. Қазақтарда екі «А» және екі «К» әрпі бар, – деді ол.
Оның айтуынша, орысшадан қырғызшаға аударылған сөздердің де мән-мағынасы жоғалып, адам кейде не айтып жатқанын түсінбей қалады. Сондықтан латын әліпбиіне көшкен кезде қырғыз тілі сауатты аударылатын болады.
Мемлекеттік тіл жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Қаныбек Осмоналиев депутаттың ұсынысына келісті. Ол мемлекеттік тіл бойынша кеңес құрылғанын хабарлады.
Еске сала кетсек, ХІХ ғасырдың бірінші жартысында қырғыз халқы араб алфавитін пайдаланды. 30-жылдары латын әліпбиіне ауысып, 40-жылдардың басында кириллицаға көшті.