×

«Үкімет экономикалық жағдайға қарсы әрекет етті»: экс-министр экономиканы өсіру жолдарын атады

Бюджетті жергілікті органдарға беру керек, дейді бұрынғы министр

 Айнұр Шошаева 19.04.2023 | 19:36
Фото: автордың жеке архивінен

Үкімет нарықтық тетіктерді бұрмалайтын бағдарламаларды қаржыландырмау керек. Бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтің пікірінше, Қазақстанға ресурстарды бөлетін нарықтық және ашық, қауіпсіз арналар керек, деп хабарлайды Halyq Uni 

«Президент бүгін экономикалық өсімге қатысты маңызды жиын өткізді. Өз басым уақыт сынынан өткен классикалық тәсілдерді жақтайтын адаммын. 2008 жылдан бастап ұзақ уақыт бойы Үкімет контрциклді, яғни экономикалық жағдайға қарсы әрекет етті. Мысалы, бюджет табысы төмендегенде мемлекет көп ақша жұмсап, көп нәрсеге ақша құйды. Баға көтерілгенде субсидия артып, бағаны одан сайын көтеретін бағдарламалар қабылданды. Оның өз себебі болды – экономикалық белсенділік төмен кезде жұмыс орындарын құру және сақтау еді», - деп жазды ол. 

Алайда, оның пікірінше уақыт өте келе бұл саясат шығынды көбейтіп, табысты  азайтты. Сондай-ақ Ұлттық қорды азайтып, инфляция мен девальвацияға әкелді. 

«Экономиканы дұрыс өсіретін фундаменталды міндеттемелер орындалмады. Капитал, еңбек күші мен білім жеткілікті кезде ғана экономика өседі. Ресурстарды бөлетін нарықтық және ашық, қауіпсіз арналар керек. Ол неғұрлым көп болған сайын және барынша автономды болған сайын ұлттық байлық теңдей және рационалды бөлінеді. Бұл экономиканы өсіріп, халықтың жағдайын жақсартады», - деп қосты ол. 

Экс-министрдің пікірінше, экономиканы өсіріп, елдің тұрмысын түзеу үшін бірқатар шараларды қабылдау керек. 

Біріншіден, бюджет жүйесін реформалап, табыстың көбін жергілікті органдарға, әкімдіктерге, мәслихаттарға беру керек, олар халыққа жақын және жергілікті жердегі мәселені тез шешеді. 

Екіншіден, инфляцияны тоқтатып, бағаны одан сайын өсіретін, әсіресе тұрғын үйді қымбаттатып отырған бағдарламаларды қысқарту керек. «Тұрғын үй көп бірақ ол халыққа қолжетімді емес. Әлеуметтік үйді көбірек салу керек». 

Үшіншіден, ауыл шаруашылығының әлеуеті жоғары – мелиорацияны қалпына келтіріп, суыармалы жер мен жайылым айналымын енгізу керек.

«Барлық жерге су керек. Қазір Қазақстанда суармалы жер бұрынғыдан 2,5 есе азайып кетті. 1 га суармалы жер 10 мың долларға дейін таза пайда әкеледі (әріптестердің сараптамалық бағалауы)», - деді ол. 

Төртіншіден, азаматтар елге инвестиция салу үшін меншікті қорғаудың қауіпсіз және сенімді жүйесі керек. 

«Не істемеу керек дегенге келсек, бірдеңелерді субсидиялап, қолдап, нарықтық тетіктерді бұрмалайтын бағдарламаларды қаржыландырмау керек. Барлығына ресурсты ашық үлестіретін және нәтиже беретін адал ереже қажет. Бәрін айту мүмкін емес – бастысы экономикалық өсім тек қана ресурс көп болғанда және оған азаматтардың жеңіл, қауіпсіз және арзан қол жеткізген кезінде ғана мүмкін болады», - деп қорытындылады Қуандық Бишімбаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама