Судағы зиянды химиялық заттарды алғаш болып анықтаған Германиядағы қазақ қызымен сұқбат
Мәулидә Нығыметқызы қоршаған орта туралы зерттеу жүргізетін орталықта жұмыс істейді
Германияның Лейпциг қаласында тұратын қазақстандық Мәулидә Нығыметқызы Halyq Uni тілшісіне сұқбат беріп, шетелдегі ғылыми жетістігі мен ғылыми жобалары туралы айтып берді. Сондай-ақ Қазақстандағы ғылымның қай бағытта дамып жатқанына тоқталды.
Мәулидә қоршаған орта туралы ғылымды зерттейтін Гельмгольц экологиялық зерттеулер орталығында жұмыс істейді.
10-ға жуық ғылыми мақалам халықаралық журналдарда ағылшын тілінде жарық көрді. 2018 жылдың соңында докторлық диссертация қорғадым. Қоршаған орта туралы ғылым бағытындағы мақалалар жарияланатын екі журнал бар. Олар: Environmental Science and Technology және Water Research журналы. Ең соңғы жаңалығыма келсек, былтыр екі ғылыми жоба бойынша жолдаған екі өтінішім де қабылданды. Біреуі – Еуропалық одақтың зерттеу жобасы. Екіншісі – Германия мен Израиль университеттерінің бірлескен жобасы, - дейді Мәулидә Нығыметқызы.
Айтуынша, Еуропадағы климаттың өзгерісі – азаматтарды алаңдатып отырған күрделі мәселе.
«Еуропада температураның жоғарылауына байланысты ауыз су тапшылығы туындап, ол үлкен мәселеге айналды. Біздің жобада климат өзгерісіне байланысты болашақта ауыз су мәселесін қалай шешуге болатыны және су құрамының тазалығына қалай кепілдік берілетіні туралы айтылған. Германия, Италия, Испания және Нидерланд елдерінің зерттеушілерімен бірге жобаны жаздық», - дейді Мәулидә грант жеңіп алған бір жобасы жайлы.
Екінші жоба бойынша Германия мен Израиль мамандары бірлесіп, ауыз су құрамындағы адам денесіне зиянды химиялық заттарды тазарту бойынша жаңа технология ойлап тапқан. Мәулидә судағы зиянды химиялық заттарды анықтап, осы тақырып бойынша алғашқы болып мақала жариялаған.
Лабораторияда жаңа технологияны іске қосамыз. Екі жоба да үш жылға жоспарланған. Мемлекет осы жобаға ақша бөледі, - дейді ол.
СУ ТАПШЫЛЫҒЫ МӘСЕЛЕСІН ҚАЛАЙ ШЕШІЛЕДІ?
Мәулидә Нығыметқызы жасап жатқан жобалары Қазақстан үшін қай жағынан пайдалы болуы мүмкін екені туралы да ойын айтты.
«Жер асты суы тартылса, оны кері қайтару өте қиын болады. Оған 100-200 жыл кетеді. Өнеркәсіпкердің дамуына байланысты өзен суының ластануы барлық мемлекетте болып жатыр. Судың ішіндегі улы химиялық заттар, егіс дақылдарына шашатын дәрілер, ауруханадағы дәрілердің бәрі суға келіп тіреледі. Ол адамның денсаулығына әсер етеді. Ол иіскеген кезде сезілмейді, көзге көрінбейді. Қазақстанда да адам санының көбеюіне, түрлі өнеркәсіптің дамуына байланысты осындай мәселе бар деп ойлаймын», - дейді ол.
Айтуынша, лас суды тазартып, кәдеге жаратып отырған мемлекеттер бар. Қазақстанда су тапшылығы мәселесі туындаса, суды тазартуға арналған бірқатар технология да дамыған.
Мәулидә қоршаған ортаны қорғау тақырыбында зерттеу жасап, ғылыми мақала жариялап жүрген қазақстандықтардың жоқ екенін айтады.
Ғылыми-зерттеу мақаласын жазу кезінде басқа мамандардың көптеген мақаласын оқимыз. Көп бөлігі ағылшын тілінде жарияланады. Қазақстанның ғалымдары орыс тілінде жазуы мүмкін. Себебі мен оқып жүрген басылымдарда қазақстандық авторлардың ағылшын тілінде жазылған мақаласын көрген емеспін, - дейді ол.
Айтуынша, Германиядағы зертханада озық технологиялар бар. Ал Қазақстанда ол біраз тапшы болуы әбден мүмкін.
Мүмкіндік болса, қазақстандық мамандармен бірлесе жұмыс істеуге дайынмын. Бұл Қазақстанға көшіп барып, сол жақта отырып жұмыс істеумен шектелмеуі керек, - деді ол.
ҚЫТАЙДА ТУЫП, САУД АРАБИЯСЫНДА ОҚЫҒАН
Мәулидә Нығыметқызы Қытайда туып, мектеп пен бакалаврды сол жақта тәмамдаған. Қытайда ғылым-техника университетінде оқыған. Сауд Арабиясына көшіп, ғылым және техника университетінде магистратурада оқыған.
«Магистратурадағы диссертацияның бір бөлігі бойынша жұмысты АҚШ-тағы Массачусетс университетінде профессорлармен бірлесіп істедім. Оқуды тәмамдаған соң Аустралияға көшіп, докторантура оқыдым. 3 жыл оқу кезінде Германия және Оңтүстік Корея университеттерімен бірлескен жобалар болды. 2018 жылы PhD аяқтаған соң, Парижге көшіп постдокторантурада зерттеу жұмыстарымен айналыстым. Содан кейін Германияның Гельмгольц зерттеу орталығына келдім», - дейді қазақстандық.
Айтуынша, Қазақстанға жыл сайын келіп тұрады. Себебі мұнда туған-туыстары тұрады.
Қазақстанда ұзақ уақыт жұмыс істеген жоқпын, ол жақта білім алмадым. Алайда жыл сайын барып тұрамын. Бір жылдан астам уақыт бұрын Қазақстанның азаматтығын алдым. Күйеуім Қазақстанда туып-өскен. Қазақстанда қандастарға деген қолдау өте жақсы. Көп уақыт жұмсаған жоқпын, үш ай ішінде азаматтық берді. Туу туралы куәлігімде «қазақ» деп жазылғандықтан, оңай болды, - дейді Мәулидә Нығыметқызы.
ДЕКРЕТТЕ АЙ САЙЫН ЖАЛАҚЫСЫНЫҢ 70%-Ы БЕРІЛЕДІ
«Жақында ана болдым. Германияда декреттік демалыс кезінде жалақының 70%-ы ай сайын беріледі. Бұл жәрдемақы бір жылға дейін беріледі. Сол себепті экономикалық жағынан алаңдаушылық жоқ. Қазақстанда әйелдер босанған соң қаражат қажет болған соң жұмысқа шығып кетеді. Менің орныма күйеуім демалысқа шығатын болса, оған да жәрдемақы беріледі», - дейді ол.
Қазір Мәулидә қалауы бойынша жұмысқа шыққан. Соған байланысты онлайн жұмыс істеуге мүмкіндік берілген.
Айтуынша, үкімет пен қоғам қолдау көрсетсе, әйел ғылым жолындағы еңбегін тоқтатпайды.