Экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлы ісі бойынша сот процесі басталды
Арыстанбек Мұхамедиұлының адвокаты Мұстақым Төлеев экс-министрдің үстінен арызды Тұңғышбай Жаманқұловтың жазғанын айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Тұңғышбай Жаманқұлов көпе-көрнеу жалған ақпарат таратып, менің қорғауымдағы Арыстанбек Мұхамедиұлынан кек алу мақсатында прокуратураға арызданған. Ол жалған деректерді алға тартқан. Соның негізінде заңсыз қылмыстық іс қозғалған, - деді адвокат Төлеев.
Сондай-ақ адвокат Арыстанбек Мұхамедиұлының ешқандай кінәсі жоқ екенін айтып, қылмыстық қудалауды тоқтатуды сұрады.
«Алдын ала сот тыңдауын өткізу туралы, бұлтартпау шарасын үйқамаққа ауыстыру және ешқандай негіз болмағандықтан қылмыстық қудалауды қысқарту талабын қойдық. Айыптау тараптың тергеп-тексеру нәтижесі жеткілікті емес екенін, менің қорғауымдағы Ұлттық музейдің Бас директоры Арыстанбек Мұхамедиұлының ешқандай кінәсі жоқ. Жеткілікті дәлел-дерек жоқ. Сондықтан судьяның алдында үлкен күрделі мәселе тұр», - деді адвокат Төлеев.
Айтуынша, 2022 жылдың 26 мамырында қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала болжам-қорытынды бойынша 111 млн теңгені Үндістандағы көрмеге заңсыз пайдаланды деген айып тағылған.
9 айдан кейін сол 111 млн теңге 221 млн теңгеге дейін жетті. Ешқандай негіз жоқ. Жұмыс орындаушы мердігер ЖШС басшысы Көшенов те сотқа тартылды. Ол «өз еңбегімнің ақысы» деп отыр, - дейді адвокат.
Айта кетейік, сотталушылардың бірі Алмаз Нұрасхан сотқа Тұңғышбай Жаманқұловты куәгер ретінде шақыруды сұрады. Сот шешімі сағат 12:30-да шығады.
Астанада экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты сот процесі басталды. Сотқа экс-министр онлайн қатысып отыр. Істі Байқоңыр ауданы сотының қылмыстық істер жөніндегі судьясы Бағлан Ыдырысов қарайды.
Іс бойынша 4 сотталушы бар: Арыстанбек Мұхамедиұлы, Азамат Көшенов, Алмаз Нұрасхан және Айым Садвакасова.
Айта кетейік, 2022 жылғы 28 мамырда сот санкциясымен Ұлттық музейдің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы қамауға алынды. Ол бюджет ақшасын жымқырды деген күдікке ілінді.
Арыстанбек Мұхамедиұлы 2019 жылғы шілдеде музей директоры болды. Оған дейін 5 жыл Мәдениет және спорт министрлігін басқарған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты тергеліп жатқан қылмыстық істер бойынша мемлекетке келтірілген шығын сомасы 7 млрд теңгені құрағанын хабарлаған.