×

Қаңтар оқиғасына байланысты 18 азаматтық белсенді қамауда отыр - Бақытжан Төреғожина

Жалпы 29 азаматтық белсенді жауапқа тартылып жатыр

 Айнұр Шошаева 10.04.2022 | 12:42
көрнекі фото: Halyq Uni

«Ар.Рух.Хақ» қоғамдық қорының президенті, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Facebook парақшасында қаңтар оқиғасына байланысты 29 азаматтық белсенді қылмыстық жауапкершілікке тартылып, оның 18-і қамауда отырғанын жазды. Айтуынша, қалғаны үйқамақта немесе ешқайда кетпеу туралы қолхатпен қамаудан босатылған.

Құқық қорғаушылар мен еріктілер ұсталған белсенділердің адвокаттары мен туыстарынан әзірге 13 белсенді туралы толық ақпарат жинаған. Бақытжан Төреғожина ұсталғандардың дені медициналық көмекке зәру екенін мәлімдеді.

Құқық қорғаушының айтуынша, әзірге қаңтар оқиғасына байланысты 29 белсендінің қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатқаны жөнінде ақпарат бар, бірақ олардың саны бұдан да көп болуы ықтимал.

Бақытжан Төреғожина қаңтар оқиғасы бойынша ұсталған белсенділердің адвокаттары мен туыстарынан жиналған 6 адамға қатысты ақпаратты жариялады.

  • Семей қаласында Анар Қалиева есімді азаматтық белсенді 6 қаңтарда ұсталған. Екі ай қамауда болып, 14 наурызда үйқамаққа жіберілген. Оның қамауда отырған кезінде денсаулығы нашарлаған. Сәуір айының басында оны үйқамақта ұстау мерзімі мамыр айының басына дейін ұзартылған.
  • Райгүл Садырбаева деген ШҚО тұрғыны (мүмкіндігі шектеулі жан) 12 қаңтарда ұсталып, екі ай қамауда болған. 14 наурызда ол үйқамаққа жіберілген. Алайда, қамауда отырған кезде оның денсаулығы сыр берген.
  • Нұржан Сембаев деген азаматтық белсенді 6 қаңтарда ұсталған. 29 наурызда бұлтартпау шарасы ешқайда кетпеу туралы қолхатқа өзгертілді. Тергеу соты Н.Н. Сембаевқа қатысты соңғы бұлтартпау шарасы объективті деректерге және соңғысының отбасылық жағдайына сәйкес келмейді деп санайды. Нұржан Сембаевтың денсаулығы қанағаттанарлықтай, бірақ айтарлықтай салмақ тастаған, ол 4 сәуірден бастап үйінде. ШҚО-дағы ОВ-156/1 мекемесінде қамауда ұстау кезеңінде Нұржанға гигиеналық құралдар мен ауыстыратын киім берілмеген.
  • 7 қаңтарда Шымкент қаласында Қайрат Сұлтанбек деген азамат ұсталып, оны қамауға алу мерзімі маусым айының басына дейін ұзартылды. Қайраттың денсаулығы сыр бере бастаған, ас қорыту жүйесі мазалап, асқазан ауырады және тамақ іше алмайды. Медициналық көмекке мұқтаж.
  • Шымкент қаласында Ләззат Досмамбетованы қамауда ұстау мерзімі 8 маусымға дейін ұзартылды. Ләззат денсаулығына қатысты шағымданып, медициналық көмекке мұқтаж екенін жеткізген. Шымкент қаласының прокуратурасы Ләззаттың шағымын қарастырып жатыр.  
  • Шымкентте Жанмұрат Аштаев деген белсенді 7 қаңтардан бері қамауда отыр. Оның да денсаулығы сыр бере бастаған: басы айналады, көзі дұрыс көрмейді. Жанмұраттың адвокаты Қ. Сұлтанбек,  Л. Досмамбетова және Ж. Аштаевқа қатысты тиісті органдарға шағымданған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама