Қазақтар мен Қазақстан – «орыс әлемінің» бір бөлігі - Петр Своик
Олар өз қандастарының ортасында жүрсе де орысша ойлап, орысша сөйлей береді, - деді ол
Еш жерде тіркелмеген «Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы Петр Своик Airan You tube арнасына берген сұхбатында Қазақстан мен қазақ халқын «орыс әлемінің» бір бөлігі деп атады.
Қазақстан мен қазақтар – «орыс әлемінің» бір бөлігі. Ол тарихи және географиялық тұрғыдан алып қарағанда, солай. Әрине, кезінде бәрі жақсы болды деп айта алмаймын. Дегенмен Қазақстан мен қазақтар – «орыс әлемінің» бір бөлігі, – деді ол.
Айтуынша, сауатты, оқымысты қазақтар өздерін іштей «орыс әлеміне» жатқызады. Олар өз қандастарының ортасында жүрсе де орысша ойлап, орысша сөйлейді.
Тіл бар жерде дүниетаным бар, білім, информатика бар. «Орыс әлемі» болған, қазір де бар, бола береді де, – деді Своик.
Сонымен бірге ол егер Қазақстанда қазақтар жалғыз қалса да орыстілді болып қала беретінін айтты.