ЛГБТ, ұлттық идеология: Ардақ Назаровтың алғашқы депутаттық сауалы

Дәурен Ерболат

Ардақ Назаров вице-премьер атына депутаттық сауал жолдады

скриншот: видео

Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке депутаттық сауал жолдап, Қазақстанда ЛГБТ насихатына жол бермеу керектігін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

«Экономиканы реттейміз, саясатпен айналысамыз деп жүріп, идеология мәселесін естен шығармауыз керек. Мемлекет іргесінің берік болуы, халықтың баянды өмір сүруі үшін ең алдымен дәл осы идеология саласын реттеуіміз қажет.

8 сәуірде Астанада феминистер шеруі өтті. Бұл күні тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы митинг болады деген. Бірақ олай болмады. Жиналғандар әйел теңдігін айтудан бастап, соңында гомосексуализмді насихаттады. Өрімдей балалар, арасында оқушылар да бар, ЛГБТ жалауын жамылып жүр. Жалпы соңғы кезде еліміздің ақпараттық кеңістігінде біржыныстық неке, гомосексуализм, жынысты ауыстыру секілді мәселелер еркін насихатталып жатыр. Насихаттаушылардың артында батыстың халықаралық ұйымдары тұрғаны да бәрімізге мәлім, - деді Ардақ Назаров.

Депутаттың айтуынша, қазір гомосексуализм Астана мен Алматы сынды ірі қалалардың жекеменшік мектептерінде де өте қарқынды насихатталып жатыр.

«Қазір менің осы депутаттық сауалым жарияланысымен-ақ өз қандастарымыз жағамнан алатынын біліп отырмын. «Толеранттық», «төзімділік» деген сөздерді қалқан етіп, әлеуметтік желілерде қаралайды. Осындай азаматтарға айтарым: ертең сіздің ұлыңыз келіннің орнына еңгезердей қызтекені үйге ертіп келсе, немесе аялап өсірген қызыңыз еркекшорамен "отау құрып" жатса, толерантты болып батаңызды бересіз бе? Мұндай азғындық өз отбасыңызға келсе төзесіз бе?», - деді депутат.

Ардақ Назаровтың пікірінше, ЛГБТ идеологиясы қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрін, ұлттық құндылықтарын жоюды көздейді.

Ұлт құрыса, мемлекет құлайды. Біз жастарымыздың тәрбиесіне селқос қарамай, қазірден қамдануымыз керек. Кеше алаңда ЛГБТ жалауын жамылып жүрген балалар бөтен емес, ол – сіздің де, менің де балам, ол – қазақтың қаракөздері. "Бәле менің үйіме келмесе болды" деп алаңсыз жүре алмаймыз. Келетін індет келіп болды, оның тамырына қазір балта шаппасақ, ертең бармақ шайнап қалатынымыз айдан анық, - деді депутат.

Депутат бірнеше ұсынысын да жеткізді:

  • Митингке келген балалардың ата-аналарынан сұрау алынсын;
  • Барлық платформада, оның ішінде әлеуметтік желілерде ұлттық мәдениетімізге сәйкес келмейтін фильмдер мен сериалдарды көрсетуге және насихаттауға тыйым салынсын.
  • Теріс ағымдарды насихаттайтын ақпарат көздерінен сақтайтын заң нормалары жасақталып, Парламентке қарастыруға енгізілсін.
  • Республика көлеміндегі оқу орындарында ұлттық құндылықтарды, мәдениетті насихаттау сабақтары оқытылсын.