×

«Ауызды буып отыра бересіздер...»: Еділ Жаңбыршин премьер-министр атына сауал жолдады

Маңғыстаудағы жұмыссыздық: депутат Үкімет тарапынан жүйелі жұмыс жоқтығын айтты

 Дәурен Ерболат 12.04.2023 | 11:49
Фото: facebook.com/edilzh

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Маңғыстау облысында жұмыссыздық мәселесі өзекті екенін айтып, премьер-министр Әлихан Смайыловтың атынан депутаттық сауал жолдады.

«Соңғы жылдары еліміздің батыс өңірлерінде мұнай-газ кәсіпорындарында қызмет көрсететін сервистік компаниялардың жұмысшылары жиі ереуілге шығады. Күні кеше бір топ маңғыстаулық мұнайшы мәселесі өңірде шешілмеген соң Астанаға келді. Былтыр да бас қаламызда осындай оқиға болған.

Сонымен қатар кешегі сайлауалды үгіт-насихат кезінде бірнеше сервистік компаниялар «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының» ережелерінің ескіргенін және қазіргі жағдайға сәйкес келмейтінін айтып, шағымданған болатын», - деді депутат.

Депутаттың айутынша, Маңғыстауда бір ЖШС жұмыссыздық жайлаған – Жаңаөзен қаласында, Жетібай кентінде, Мұнайлы ауданында цехтар ашып, негізінен жергілікті әйел азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтып, мұнай компанияларына арнайы киім тігуді қолға алған.

«Алайда жыл сайын өтетін тендерлердің кесірінен келісімшарт ала-алмай қалса немесе баға демпингінен келісімшарт сомасы едәуір төмендесе, 90% қызметшісі жұмыссыз қалайын деп отыр.

Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Мәжілістің жетінші шақырылымында да Маңғыстаудағы жұмыссыздық және еңбек дауларына қатысты мәселелер көтергенбіз. Бірақ, Үкімет, «Самұрық-Қазына», «ҚазМұнайГаз» және жергілікті атқарушы билік тарапынан жүйелі жұмыстар істелінбеді. Тиісті нәтиже болмады.

Маңғыстауда жарылайын деп тұрған «жара» көп. Оларды кешенді түрде «емдеумен» айналыспаса, дау-дамай әрі қарай жалғасып, ушыға береді. Үкімет комиссиясын құру жөнінде Сізге хат жолдадық. Оған әлі жауап бермедіңіз. Қашанғы көзді жұмып, құлақты бітеп, ауызды буып отыра бересіздер. Мәселені шешетін уақыт өтіп бара жатыр. Ертең «қолымызды мезгілінен кеш сермедік» деп жүрмеңіздер», - деді Еділ Жаңбыршин.

Депутат жағдайды ушықтырып отырған бірнеше факторды атады.

«Сервистік және басқа да мердігер компаниялар бюджетке салығын төлеп, өздеріне инвестиция құйып, халықты тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге мүдделі. Бірақ келесі факторлар: тендерлердің әділетсіз өтуі, жемқорлық, тарифтердің төмендігі, баға демпингі және басқа да мәселелер оған мүмкіндік бермей отыр. Бұл өз кезегінде компаниялардағы жалақы деңгейінің төмен болуына, әлеуметтік пакеттердің төленбеуіне, еңбек қауіпсіздігінің сақталмауына, техникалардың жаңаланбауына себеп болып отыр», - деді ол.

Еділ Жаңбыршин өткен сенбіде Ақтау қаласында ереуілге шыққан «БерӘлі Маңғыстау Company» мекемесінің басшыларымен кездескенін атап өтті.

Олар жоғарыда келтірілген кемшіліктерді айтты. Компанияның ресми өтініші бойынша жұмыстар істеліп, құзырлы органдарға хат жолданды.  

Құрметті Әлихан Асханұлы! Көтеріліп отырған мәселеде жүйелік қателіктер бар екені анық. Сондықтан «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры» өздерінің ережелеріне келесі өзгерістерді шұғыл түрде енгізу қажет деп есептейміз», - деді депутат.

Біріншіден, баға демпингіне шектеу қою. Мысалы тендер кезінде бағаны 10 пайыздан төмен түсірмеу керек;

Екіншіден, сервистік компаниялармен көпжылдық келісім-шарттарға отыру сұрағы шешілсін, яғни компаниялардың жұмысының тұрақтылығын қамтамасыз ету қажет.

Үшіншіден, тендерге шығарылатын жұмыстар мен қызметтердің қаржы көлемінде еңбек ақы қоры және әлеуметтік пакет бөлек көрсетіліп, ол баға ойынына түспеуі керек. Бұл жұмысшылардың дұрыс жалақы алуына, әлеуметтік жағынан қорғалуына кепілі болады және тендерді ұтып алған компаниялардағы жағдайды мемлекеттік органдар мен тапсырыс беруші тарапынан бақылап отыруға мүмкіндік туады.

Бұдан басқа кешегі дау туғызған тендерлік процедураларды жан-жақты зерттеп, егер кемшіліктер анықталса тиісті шешім қабылдамаған квазимемлекеттік мекемелердің лауазымды тұлғаларының жауапкершілігі қаралсын, - деді депутат.

Мәжіліс депутаты «Самұрық-Қазына» қорын және оның портфельдік компанияларын жаңаша, ашық, әділ жұмыс істеп, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға нақты қадамдар жасауға шақырды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама