Halyq Uni логотип
×

Кемінде екі алтын аламыз - күрестен ұлттық құраманың мүшесі Гүлмарал Еркебаева

Команда сапына енді кіріп жатқан жас қыздарымыз да бар, - деді ол

 Дастан Жұмабекұлы 11.04.2023 | 15:37
Кемінде екі алтын аламыз - күрестен ұлттық құраманың мүшесі Гүлмарал Еркебаева
фото: ашық дереккөз

Бүгін Астанада күрес түрлерінен өтіп жатқан Азия чемпионатында әйелдер күресі басталады. Олар он салмақта күреседі.

Осы жарыста әріптесіміз Айбек Мұханов Қазақстан құрамасының мүшесі Гүлмарал Еркебаевадан әйелдер құрамасының қанша медаль алуы мүмкін екенін сұрап, көңіл көншітерлік жауап алды.

Азия чемпионатының төрт дүркін қола жүлдегері, Қазақстан чемпионы, әйелдер күресінен Қазақстан құрамасының мүшесі Гүлмарал Еркебаеваның айтуынша, ұлттық құрама кемінде 2 алтын медаль алады.

Қыздарымыз он салмақта белдеседі. Он қызымыз да осал емес. Азия чемпионатына бірнеше жылдан бері қатысып келеді. Енді фавориттерді айтатын болсақ, мен өзім 76 келі салмақта күресемін. Осы салмақта Қазақстан чемпионатында екінші орын алдым. Бірінші орын иесі Эльмира Сыздықова – Олимпиялық ойындардың жүлдегері. Сондай-ақ әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері Жамила Бақбергенова деген қызымыз бар. Жас қыздарымыз осы Азия чемпионатына қатысады. Жасөспірімдер арасында әлем чемпионы болған Нилуфар Раймова деген қыз бар. Қазақстан құрамасының сапына енді кіріп жатқан жас қыздарымыз да күреседі. Олардың да амбициясы мықты, үлкен үміт күтеміз, – деді ол.

Оның айтуынша, 50-53 ккелі салмақтағы қыздарымыздың бәрі – жастар құрамасынан. Ересектерден өткендердің барлығы – әлем чемпионаттарында орын алған қыздар. Олардың бірінші Азия чемпионаты болса да қола жүлдеге ілінуге үлкен мүмкіндіктері бар. Ал енді бұрыннан құрамада келе жатқан Елена Шалигина, Эльмира Сыздықованың тәжірибелері жетеді.

Азия чемпионатында біздің қыздарымыз алтын, күміс, қола жүлдені де алған. Сондықтан әрқайсының мүмкіндіктері бар. Болжамым бойынша, кемінде 2 алтын медаль аламыз деп ойлаймын. Кімдер екенін айтпай-ақ қояйын, – деді балуан қыз.

Бұған дейін хабарланғандай, бүгін 50, 55, 59, 68, 76 келідегі балуандар күреседі. Ертең 53, 57, 62, 65, 72 келі салмақтағы балуандар бақ сынайды.

Күндізгі сессия сағат 11.30-да басталады. Кешкі сессияда балуандар 18:00-де (1 және 3-орын үшін) бозкілемге шығады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама