Halyq Uni логотип
×

Сенатор Алматының таулы және тау бөктеріндегі құрылысқа мораторий жариялауды ұсынды

Андрей Лукин қала табиғи ландшафын жоғалту алдында тұрғанын айтты

 Халық үні 11.04.2023 | 10:57
Сенатор Алматының таулы және тау бөктеріндегі құрылысқа мораторий жариялауды ұсынды
фото: Halyq Uni

Сенатор Андрей Лукин ҚР премьер-министрінің атына жолдаған депутаттық сауалында Алматы қаласының таулы және тау бөктеріндегі аудандарында жеке құрылысқа тыйым салуды ұсынды.

Депутат Алматының тау бөктеріндегі заңсыз және ретсіз құрылыстар жұртшылықты толғандырып отырғанын атап өтті. Сонымен қатар, алма бақтарын салуға және жоюға байланысты даулы жанжалдар да басылмай келеді.

«Қала табиғи ландшафын жоғалту алдында тұр. Бұл маңызды проблемалар мен қала тұрғындарының өміріне зор қауіп төндіреді. Жеке тұрғын үй құрылысын салуға ғана рұқсаты бар жекеменшік құрылыс компаниялары бизнесті тексеруге мораторийді алға тартып, тау бөктерінде орналасқан рекреациялық аймақтарда көпқабатты тұрғын үй кешендерінің құрылысын жалғастырып келеді. Мұндай тау бөктері күрделі құрылысқа жарамсыз екені, осы учаскелерде құрылыс техногендік сипаттағы көшкіндерге әкелуі мүмкін екені ТЖМ тарапынан бірнеше рет айтылды», - деді сенатор.

Сенатор мұның бәрі жайдан-жай істелмейтінін, мұндай құрылыс біреудің салғырттығынан немесе қамқорлық көрсетуіне байланысты мүмкін екенін айтты.

Жылжымайтын мүлік саласындағы хабарландыруларды орналастыруға арналған қазақстандық ірі сайттардың бірінде Каменское плато шағын ауданында 50 сотықтан гектарға дейінгі жер учаскелерін сату туралы бірнеше хабарландыру бар. Бір хабарландыруда меншік иесі тіпті мемлекеттік органдардағы байланыстары арқылы нысаналы мақсатын қайта ресімдеу және өзгерту кезінде көмек көрсетуге дайын, - деді Андрей Лукин.

Сенатор Алматы аудандарының экологиялық жағдайы мен тау бөктеріндегі ерекше ландшафы адамдардың белгілі бір тобының пайдаға кенелу мен баюға құнығуының кесірінен кері кету қаупі төніп тұр деп есептейді.

Андрей Лукин осыған байланысты Үкіметке Алматы қаласының таулы және тау бөктеріндегі аудандарының және облыстың қалаға іргелес аудандарының жерлеріне егжей-тегжейлі түгендеу жүргізуді, қолданыстағы заңнамаға жеке құрылысқа толық тыйым салуды көздейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізуді, жерді түгендеу аяқталғанға дейін және тиісті НҚА-ны қабылдағанға дейін жер беруге мораторий жариялауды, сондай-ақ елді мекендердің рекреациялық аймақтарында егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын бекіту арқылы жердің нысаналы мақсатын пайдалануды өзгерту тәжірибесіне тыйым салуды ұсынды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама