Бүгін танымал боксшының туған күні
Кәсіпқой боксшы, әлем чемпионы Геннадий Головкин 40 жасқа толды. Қасым-Жомарт Тоқаев чемпионды туған күнімен құттықтады.
Әуесқой және кәсіпқой бокстағы мансабыңызда өзіңізді бірегей спортшы ретінде таныттыңыз. Деңгейі өте жоғары жарыстарда еліміздің намысын абыроймен қорғадыңыз, сондай-ақ Қазақстандағы әрі әлемдегі көптеген бокс жанкүйеріне қуаныш, жарқын көңіл күй сыйладыңыз. Табиғи талантыңыз бен еңбексүйгіштік қасиетіңіз спорт саласында зор жетістіктерге жетуге ықпал етті. Жастарымызға үлгі болдыңыз. Сіздің отандық бокстың дамуына үлкен үлес қоса беретініңізге сенімдімін, – деп жазылған президенттің құттықтау жеделхатында.
Мемлекет басшысы спортшының шаршы алаңда ертең өтетін кезекті жекпе-жегінде жеңіске жетуіне тілектестік білдірді.
Өз кезегінде Головкин Тоқаевқа жылы лебізі үшін алғыс айтты. Ол елімізді әлемге таныту үлкен абырой екенін атап, бүкіл Қазақстанға қолдаулары үшін рақметін жеткізді.
Туған күн иесі ертең жапониялық Риота Муратамен кәсіпқой рингтегі 44-ші кездесуін өткізеді. Бұл жекпе-жекте Головкинның IBF, IBO және Муратаның WBA Super чемпиондық белбеулері сарапқа салынады.