Бізді жеңіске деген ортақ сенім жетелеп келеді, – деді ол дастархан басында
Украина президенті Владимир Зеленский мұсылмандардың қасиетті айы саналатын Рамазан айында ауызашардың мемлекеттік деңгейде атап өтілетінін мәлімдеді.
Бұл туралы ол мұсылман әскерилер, қырымтатарлардың Меджилисінің мүшелері мен дипломатиялық корпустың өкілдеріне берілген ауызашарда айтты.
Цензор.НЕТ -тің хабарлауынша, Зеленский Ифтарды (ауызашарды) бұдан былай ресми деңгейде аталып өтілетін жарлыққа қол қойды. Ауызашарда президент Украинада әрбір азаматтың өмірі мен оның діни көзқарасы бағаланатынын, әрбір адамға әрқашан құрмет көрсетілетінін айтты.
Бүгін біз Украина тарихына жаңа дәстүрді жазайын деп отырмыз. Бұдан былай біздің елде Ифтар ресми түрде мемлекеттік деңгейде аталып өтілетін болады. Украина халқы елдің бостандығы мен бейбітшілік үшін күресіп жатқан мұсылман отандастарымызға дән риза. Украина елдің бостандығы мен қауіпсіздігі үшін қолына қару алып, жаумен соғысып жатқан мұсылмандарды ешқашан ұмытпайды. Бізді жеңіске деген ортақ сенім жетелеп келеді. Бізді ешкім арандата алмайды. Өйткені, біздің ортақ құндылықтарымыз бар. Ол – халықтың бірлігі, азаттық жолында бір-бірімізге демеу болып, көмектесу, бір-бірімізді қолдау, – деді ол дастархан басында.
Ауызашарда Зеленский ерлік көрсеткен мұсылман отандастарын марапаттап, алғыс айтты.