Қаңтар оқиғасы: Ислам ынтымақтастық ұйымы Еуропарламент қабылдаған қарарды қолдамайды
Қазақстан ИЫҰ-ға 1995 жылдың желтоқсанынан бері мүше
Наурызда Пәкістан астанасында өткен Ислам ынтымақтастық ұйымының отырысында ИЫҰ-ға мүше мемлекеттер «Қазақстанда жақында болған бейбіт наразылықтардан кейін елдегі зорлық-зомбылыққа және кінәсіз азаматтар мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің құрбандары мен өліміне әкеліп соққан террористік шабуылдарды» айыптады. Бұл туралы ҚР сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.
ИЫҰ мүше мемлекеттері Қазақстанның бірлігін, егемендігін, тәуелсіздігін және аумақтық тұтастығын қолдауға дайын екенін айтқан.
Сондай-ақ Қазақстандағы қаңтар оқиғасына қатысты Еуропалық парламент қабылдаған қарар ИЫҰ мүше мемлекеттердің «наразылығын» тудырған. Себебі, қарарда баяндалған ұстанымдар «мемлекетаралық қатынастарды ілгерілетуге және дамытуға ықпал етпейді».
ИЫҰ Қазақстанмен толық ынтымақтастық орнататынын растады және ұлттық қауіпсіздік пен елдің одан әрі дамуы мақсатында мемлекет егемендігін және заңды сақтауды қамтамасыз ету бойынша ҚР үкіметінің шараларына қолдау білдірді», - делінген СІМ хабарламасында.
ИЫҰ - жалпы халқы шамамен 1,7 млрд адамды құрайтын 57 мемлекет мүше және БҰҰ-дан кейінгі көлемі бойынша екінші халықаралық ұйым. Бес ел мен бес халықаралық ұйым бақылаушы мәртебесіне ие. Қазақстан ұйымға 1995 жылдың желтоқсанында мүше болды.
Еске салайық, Еуропарламент депутаттары Қазақстандағы соңғы наразылықтар мен тәртіпсіздіктерге байланысты адам құқықтарын қорғау туралы қарарды басым дауыспен қабылдады. Дауыс берген 671 депутаттың 589-ы қарарды қолдаса, 35-і қарсы болды, 47-сі қалыс қалды.
Еуропарламент депутаттары бұл қарарда 2022 жылдың қаңтарында болған наразылықтарға байланысты халықаралық тергеуді бастауға, сондай-ақ қазақстандық шенеуніктерге «адам құқықтарын өрескел бұзғаны үшін» ЕО режимі аясында санкциялар салуға шақырды.