Қазақстанда бензин қымбаттайды: депутаттар не дейді?
Қазақстанда жанармай бағасы қымбаттайды
12 сәуірден бастап Қазақстанда жанар-жағармай (бензин, дизель отыны) бағасы қымбаттайды. Энергетика министрлігінің мәліметінше, АИ-92 және АИ-93 маркалы бензин бағасы 182-187 теңгеден (өңірге байланысты) литрі 205 теңгеге дейін (11%), дизель отыны 230-260 теңгеден 295 теңгеге дейін көтеріледі. Өсім – 20 пайыз.
Бензиннің қымбаттауы азық-түлік бағасына да әсер ете ме, халықтың наразылығын туғызбай ма? Осы және басқа да сұрақтарға бірқатар Мәжіліс депутаты жауап берді.
Ермұрат Бапи, депутат:
- Дизель отыны мен бензин бағасының қымбаттауы – ары қарай тарифтердің өсуіне әсер ететін жағдай. Шынында да бұл жерде халықтың толқуы қатері бар. Меніңше, Қаңтар оқиғасынан сабақ алған билік бір шешім қабылдайтын шығар. Инфляцияны тоқтатып па, басқа да бір әрекеттер жасап, экономикалық тетіктермен жұмыс істейді деп ойлаймын.
Дәулет Тұрлыханов, депутат:
- Жанар-жағармайдың қымбаттайтынын жаңалықтардан білдім. Қазір бұл жағдайдың анық-қанығына жетпейінше, ештеңе айта алмаймын. Жалпы, қымбаттағаны дұрыс емес, мен оны қолдамаймын. Азық-түліктің, жанармайдың қымбаттауы Қазақстан халқына ауыр тиеді.
Нұртай Сабильянов, депутат:
- Халықтың жағдайы төмендеуі мүмкін. Бірақ сол халықтың жағдайын жақсарту үшін тиісті шаралар қолдану керек. Ол нендей шаралар? Жұмыс істейтіндердің жалақасын көбейту, әсіресе оған кәсіпкерлердің атсалысуы керек. Сондай-ақ Үкімет тарапынан тиісті шаралар – халықтың өмір сүру сапасын жақсарту.
Дәулет Мұқаев, депутат:
- Халықтың ашуын тудыратыны сөзсіз. Бірақ Үкімет бұл шешімге мәжбүрлі түрде келгенін айтты...
Самат Нұртаза, депутат:
- Қарапайым халыққа әсері бар. Кеше ғана өз көлігіме бензин құйдым, мен үшін қымбат болды. Болашақта Үкімет оның бір шешімін табады деп есептеймін. Кейде кейбір шешімдер басында жағымсыз, тиімсіз көрінуі мүмкін. Бірақ сол шешімнің дұрыс болғаны уақыт өте келе белгілі болады.
Ерлан Әбдиев, депутат:
- Жанар-жағармай бағасын көтерудің қажеті жоқ. Бірақ мемлекетке зиян келіп жатыр, оған түсіністікпен қарау керек. Экономиканы ойлауымыз керек.