Әділбек Жақсыбеков арабтарға елордадан 700 гектар жер берді – сәулетші

Айгерім Таубай

Серік Рустамбеков – елорданың алғашқы бас жоспары авторларының бірі

Коллаж Halyq Uni

Астананың Бас жоспары бекітілетін тұста қаланы басқарып тұрған әкім Әділбек Жақсыбеков Сауд Арабиясына 700 гектар жер беру туралы келісімге келген. Оның орнына шетелдік компания Бас жоспарға қаржы бөліп, құжатты дайындауға көмек көрсетуі қажет болған. Бұл туралы Қазақстанның еңбек сіңірген сәулетшісі Серік Рустамбеков Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында айтты. 

«Бас жоспардың эскизін 1995 жылы Назарбаевқа ұсындық. 1996 жылдың аяғында біз конкурсты ұтып алдық. Үкіметтің үкімімен авторлық топ бекітілді. Демек, алғашқы бас жоспарды біз жасадық. Бас жоспар бірнеше кезеңнен тұрады. Біз бірінші кезеңін жасадық. Ол жерде халықтың саны, инфрақұрылым, көліктің жағдайы, мәдени-әлеуметтік құрылымдардың саны бойынша мәлімет жинақталды», - дейді сәулетші.

Айтуынша, Бас жоспар алдағы 30 жылға арналып жасалады.

2005 жылға дейін деп, жоспардың алғашқы кезеңін тапсырдық. 1998 жылы Астанадағы Жастар сарайында үлкен жиын өтті. Назарбаев келіп, біздің жобамен танысты. Өте жақсы қабылдады. Алайда екі күн өтпей баспасөзде Үкімет отырысан мәлімет шықты. Ол жерде біздің Бас жоспарды сынға салып, Халықаралық конкурс ұйымдастыру керек делінді. Оған шетелдік беделді сәулетшілерді тарту керек деді. Біздің жұмысты жоққа шығарды, - деп еске алды Серік Рустамбеков.

Сол кезде Астананы Әділбек Жақсыбеков басқарып тұрған.

«Жақсыбек Сауд Арабиясына барған кезде көмек сұраған. Ол кезде бас жоспарды жасауға қаражат та болған жоқ. «Жаңа Астана» қорынан аз ақша бөлініп отырды. Сауд Арабиясы Бас жоспарға қаражат бөлеміз, бірақ оны өзіміз жасаймыз деген міндеттеме алды. Оның есесіне болашақ қаладан 700 гектар жер берілетін болды. Осы келісімшартқа Жақсыбеков қол қойып келді», - дейді сәулетші.

Жұмысқа Сауд Арабиясының Saudi Binladin Group компаниясы жауапты болған.

Олар келіп, менімен әңгімелесті. Бізді арзанға сатып алғысы келді. Келісе алмаған соң олар өз күшімен жасады. Айналасы жарты жылда, апыр-топыр жасап шықты. Үкіметтің үкімімен сол бас жоспарды бекітті. Себебі халықаралық қаржы институттары немесе қорлары Бас жоспары бекітілмеген қалаларға көмек көрсете алмайды, - деді сәулетші.

Үкімет те бұл Бас жоспардың шала жасалғанын көргеннен кейін халықаралық конкурс жариялаған.

«Жер оларға берілді. 700 гектар жерді қаладағы 17 аймақтан берді. Сауд Арабиясы мамандары қаланы біраз зерттеді, тәуір жерлерін таңдап алды» - деді қазақстандық сәулетші Серік Рустамбеков.

Сұқбаттың толық нұсқасын мына жерден көруге болады.