Сенат төрағасы Тоқаевқа қастандық жасамақшы болған күдіктіге қатысты пікір білдірді
Жуырда ҰҚК шетелдік барлау қызметінің агенті ұсталғаны туралы хабар таратты
Ұлттық қауіпсіздік комитеті 25 наурызда Нұр-Сұлтан қаласында ҚР президентіне және бірқатар жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлерге қастандық жасауды жоспарлаған шетел барлау агенті - «А» деген ҚР азаматын ұсталғанын мәлімдеді.
ҰҚК мәлімдемесінен кейін әлеуметтік желіде президентке қастандық жасамақ болған «күдіктінің» фотосы тарады және оның мемлекеттік органдардың бірінде баспасөз хатшысы болып қызмет еткені жайлы айтылды.
Мұндай ақпараттың шыққанын білемін. Шынымды айтсам, Ұлттық қауіпсіздік қызметі ол ақпаратты бізге растаған жоқ, ресми ақпаратты әлі ешкім бермеді. Егер ресми түрде айтылса, сол кезде біз мемлекеттік қызметте болғаны және тағы басқа сұрақтарға жауап беремін, - деді Әшімбаев журналистерге берген сұхбатында.
ҰҚК баспасөз қызметінің хабарлауынша, шетелдік барлау қызметінің агенті бір мезгілде арнаулы және құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қатысты террористік актілер жасауды жоспарлаған.
Тінту барысында шетелде шығарылған дыбыс өшіргіші бар снайперлік винтовка, есірткі заттары және ірі ақша сомасы тәркіленді. Қару Қазақстанға кәсіби жасырылған түрде бөлшектермен әкелінген.
Бұдан өзге, ҚР-да «А» әлеуметтік желілерде тиісті материалдарды жариялау арқылы Ресейге қарсы үндеуді насихаттау және қоғамда русофоб көзқарастарды тудыру тапсырмаларын орындаған.