Астананың мүмкіндігі 2 миллион адамды ғана қамтуға жетеді – архитектор
Серік Рустамбеков – елорданың алғашқы бас жоспарының авторы
Астананың мүмкіндігі 2 миллион адамды қамтуға ғана жетеді. Мұндай пікірді Қазақстанның еңбек сіңірген сәулетшісі Серік Рустамбеков Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында айтты.
Астананың жаңа бас жоспарында 2,5 – 3 миллион адам тұрады деп болжап отыр. Менің ойымша, 2 миллионмен шектелу қажет. 2 миллионнан асса, қаланы басқаша салу керек болады. Көп өзгеріс енгізіп, кей ғимаратты бұзып, көшелерді кеңейту керек, - дейді архитектор.
Серік Рустамбековтың айтуынша, Астананың мүмкіндігі шексіз емес. Сол себепті қалаға келетіндерді шектеу қажет.
«Қала тым өсіп кетті. Қазірдің өзі су жеткіліксіз. Жылуға келсек, жер үйлердің 90 пайызы көмір жағып, қыста ауаны ластап, экологияны құртып тұр. Газ кірді, көп болса 20 пайызы ғана газдалған. Оның өзінде қымбатшылық секілді біраз қиындығы бар», - дейді Серік Рустамбеков.
Адам санының артуына байланысты кептеліс те көбейген.
Алтай Көлгінов әкім болып келген кезде үш жол тобырын саламын деді. Ол бойынша жұмыс басталған да жоқ. Ол да біраз мәселені шешетін еді. Көлгінов әкім болып келгенде халықпен кездесуге бардым. Өте жақсы сөйледі. Қаладағы біраз мәселені көтеріп, оны қалай шешетінін айтты. Маған ұнады. Бірақ уақыты жетпеді ме, билігі жетпеді ме, білмеймін, - дейді архитектор.
Айтуынша, әкімдер бірінің бастамасын екіншісі жалғастырмаса, барлығы сөз күйінде қалады.
Сұқбаттың толық нұсқасын сілтеме арқылы көруге болады.