«Кабинетінен шықпайтын премьер»: Смайылов туралы сарапшылар не дейді

Ая Өміртай

Биыл ақпанда инфляция 21,3 пайызға жетті

Коллаж: Halyq Uni

30 наурыз күні Президент Смайылов кандидатурасын Мәжілістегі партиялардың фракцияларымен талқылап, ҚР премьер-министрі лауазымына тағайындады. Қасым-Жомарт Тоқаев Әлихан Смайыловты білікті әрі тәжірибелі маман екенін айта келе, Үкіметтің алдында тұрған міндеттерді жақсы біледі деп бағалады.

«Баршаңыз бұл азаматты жақсы танисыздар. Білікті әрі тәжірибелі маман. Жұмысқа адал, еңбекқор адам. Ол Үкіметтің алдында тұрған міндеттерді жақсы біледі. Оған жаңа Үкіметтің тізгінін сеніп тапсыруға болады деп санаймын», – деді президент. 

ҮКІМЕТТІҢ ӘЛЕУМЕТТІК САЯСАТЫ ӘЛСІЗ

Дегенмен ЖСДП партиясының депутаттары Әлихан Смайыловтың кандидатурасына қарсы шықты. Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы фракциясының мүшесі, депутат Нұрлан Әуесбаев Үкіметтің әлеуметтік әлсіз саясатын сынға алып, үміткерді қолдамайтынын жеткізді. 

«Бүгінгі кездесуде көтерілген сұрақ өте маңызды. Оны тағдыршешті десе де болады. Сөз жоқ, біз сіздің 30 жыл бойы әбден былыққа батқан жүйені өзгертемін деген құлшынысыңызды көріп отырмыз. Бірақ оны ертең жүзеге асыратын мемлекеттік аппарат. Оның ішінде Үкімет екені анық. Күні кеше өзіңізде болашақ Үкіметтің алдында бұрын соңды болмаған ауқымды міндеттер қойдыңыз. Біз 20 жыл билікте, оппозицияда жүріп, халқымыздың әл-ауқатымыздың төмендеуіне Үкіметтің әлсіз әлеуметтік саясаты кінәлі екенін көзіміз жетті. Енді бүгін тағы да AMANAT партиясы өз көпшілігін көрсетіп, ұсынып беріп отыр. Әрине, парламенттің оппозиция ретінде біз бұл ұсынысқа қарсымыз», – деген еді Әуесбаев.

Сарапшылар Смайылов бастаған үкіметтің қымбатшылықпен күресе алмағанын айтып, жиі сынайды. Бұған дейін премьер-министр 20 пайыздан асқан инфляция деңгейін наурызға дейін төмендетуге уәде берген болатын.

Алайда 2023 жылдың ақпан айында елде жылдық инфляция 21,3%-ды құрап (қаңтарда – 20,7%), қарқын ала түсті. Елде айлық инфляцияның өсімі 1,3%-ды құрап, жеделдей түсті. Бұл соңғы 5 жылдағы (2018-2022 жылдары: 0,6%) ақпан айындағы инфляцияның орташа мәнінен біршама жоғары көрсеткіш.

«КАБИНЕТІНЕН ШЫҚПАЙТЫН» ПРЕМЬЕР

Бұл орайда саяси шолушы Жанат Момынқұлов Әлихан Смайылов былтырғы Қаңтар оқиғасынан кейінгі өте қолайсыз кезеңде сайланды деп санайды.

ТМД аймағындағы геосаяси жағдайдың өте күрделеніп, жоғары инфляциямен жаппай бағаның өсуі халықтың әлеуметтік жағдайын нашарлатты. Елдегі саяси оқиғалар әсерімен Үкіметтің жұмысы да көзге көрінбей, ел арасында көп сын айтылды. Кеше Мәжілістегі сөзінде Президент Тоқаев мемлекеттік саясатта сабақтастық сақталып, Үкіметтің басты назары жиналып қалған экономикалық проблемаларды шешуге аударылатынын мәлімдеді. Қызметінде бір ақ жыл ғана отырған Смайыловты қазір ауыстыру тиімсіз шығар. Оның орнына кімді алып келсе де, одан қазіргі экономикалық жағдай жақсарып кете ме? Смайылов саяси, кәсіби кандидат ретінде орталыққа ыңғайлы, бірақ «кабинеттен шықпайтын» имиджі бар. Алда елдегі экономикалық проблемалар шешілмей, халық наразылығы күшейіп кетсе оны басқаға ауыстыра салуға болады. Десе де, ендігі кезде «Аманат» партиясы қолдап ұсынған Смайыловтың Үкіметі алдағы экономикалық проблемалардың жауапкершілік жүгінен ешқайда қаша алмайтын болады, – дейді сарапшы Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында. 

Сарапшының болжауынша, Смайылов Үкіметіндегі былтыр жаңадан тағайындалған министрлердің де көбі өз орындарын сақтап қалады. Дегенмен, былтыр басталған «ауқымды саяси өзгерістер» науқаны аяқталғандықтан кейбір «саяси қажетсіз» министрлерді ауысуы мүмкін.       

«Сонымен бірге, Тоқаев Үкіметтің жұмысын, министрлерді кеше біраз сынағандай болды. Смайылов бірінші кезекте инфляциямен айналысып, бюрократияны азайту, отандық кәсіпкерлерді қолдау, әлеуметтік жағдайды тұрақтандыру үшін жұмыс істейді. Тоқаевтың сөзіне қарағанда әркім өз проблемасын өңірінде орталыққа жалтақтамай шешуі керек деп өңірлерге көбірек жауапкершілік арту керек деген сөзі біраз күмән туғызады. Өйткені, қазіргі геосаяси және қиын экономикалық жағдайда Үкіметтің бір орталықтан «қатты режимде» басқарылуы  қажет болуы мүмкін. Смайылов енді көбіне үкімет жұмысын қайтадан ұйымдастыру, инфляцияны азайту, бұрыннан жиналып қалған проблемалы «шаруашылықты» тезірек «тазалау» жағына көбірек көңіл бөлуі тиіс. Қазақстан Үкіметі күрделі ішкі және сыртқы жағдайда жылдам қадамдар жасау керек. Өйткені алдағы 3-5 жыл ғана уақыты бар. Одан кейін геосаяси, экономикалық, технологиялық өзгерістерге ілесе алмай, тәуелсіздігімізге төнген саяси қауіптер мен ішкі қайшылықтардың салмағымен артта қалып қоюымыз мүмкін. Жалғыз сұрақ мазалайды: жаңа Үкімет осындай үлкен жауапкершілікті көтеріп, алып жүруге шамасы жете ме?» – дейді Жанат Момынқұлов.

СМАЙЫЛОВҚА ДАУЫС БЕРГЕНДЕР ЖАУАПКЕРШІЛІКТІ ТЕҢ БӨЛІСЕДІ

Ал саяси шолушы Ғазиз Әбішев Смайыловты премьер-министрліктен босатуға ерте болғандықтан қайта тағайындалды деген пікірде.  

Amanat партиясының төрағасы Қошанов президент Тоқаевқа Әлихан Смайыловты премьер-министр ретінде қалдыруды ұсынды. Смайыловты шығарып жіберуге әлі ерте сияқты. Уақыт өте келе экономикалық мәселелер жинақталған кезде, халық наразылығын пайдалана отырып, тиімді ығыстырып жіберуге болады.  Смайыловтың жаңа үкіметін мақұлдауға дауыс берген барлық партиялар мен жекелеген депутаттар бүгінгі және жақын келешектегі жұмысы үшін жауапкершілікті теңдей бөліседі. Бірақ Премьер-министр Смайылов президент Тоқаев жұрттың көзінше кешегі айтқан өз қолымен жасаған бюрократиялық тосқауылды еңсере ала ма? Жаңа шешімдер мен батыл қадамдарға бара ма? – дейді саяси шолушы Ғазиз Әбішев. 

Айта кетелік, Әлихан Смайылов министрлер кабинетін бір жылдан астам басқарды. Ол бұл қызметке қаңтар оқиғасынан кейін тағайындалды.

50 жастағы Әлихан Смайылов Алматы қаласында дүниеге келген. Білімі бойынша математик, менеджер. Үйленген, екі баласы бар. 

Әр жылдары президент әкімшілігінде, Сыртқы істер министрлігінде жұмыс істеді. Қаржы министрі, Президенттің көмекшісі болды, «Қазагро» ұлттық холдингі мен Статистика агенттігін басқарды.