×

«Қазір Ресейді жек көру сәнді»: Аңсаған Мұстафа Ресей пропагандасына қатысты пікірін айтты

Суретшіге бала күнінде әкесі орыс тіліндегі фильм мен музыка тыңдауға рұқсат бермеген

 Ая Өміртай 29.03.2023 | 15:14

Суретші Аңсаған Мұстафа Ресей пропагандасының кері тұсы жайында айта келе, суреттерінде мақсатты түрде қазаша ғана жазатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Ол ресейлік пропаганданың федералдық телеарналар арқылы қанат жайып, көпшіліктің арасына сына қағатындығын, осы себепті үгіт-насихаттан алшақ жүретіндігін атап өтті. 

«Менің суреттерімде принципті түрде қазақша жазылған. 2013-2014 жылдары ресейлік сайттар сұқбат алғысы келгенде, жауап бермейтіндігімді айттым. Әрине, олар үшін мен ешкім емес шығармын. Бірақ сол қарсылықты істедім. Олар шақырған көрмеге қатыспадым. Қазір де Ресей көрмеге шақыратын болса бармаймын. Қазір, мысалы, Ресейді жек көру сәнді. Мен ғана емес, бүкіл әлем Ресейді жек көреді», – деп түсіндірді Аңсаған Мұстафа. 

Суретшіге бала күнінде әкесі орыс тіліндегі фильм мен музыка тыңдауға рұқсат бермеген көрінеді. Өйткені үгіт-насихаттың әсер ету механизмі біршама зардапты келеді.

Өзім бала кезімнен орысша кино көрмей өстім. Өйткені әкем рұқсат етпейтін, қатты ашуланатын. Неге десеңіз, Ресей пропагандасы өздерін керемет көрсетіп, қалған 15 одақты шағыстырып қоюды мақсат ететін. Киноларында орыстар керемет, қазақтар ақымақ, грузиндер алаяқ, қырғыздар сақау деп көрсеткісі келеді. Бұл менің намысыма тиеді. Осылайша әкем Ресей кинолары мен музыкалары керек еместігін айтты, – деп қосты ол Halyq Uni ютуб арнасына берген сұқбатында. 

Айта кетелік, суретші бұл сұқбатында цензураға қайшы келетін картиналарын Ақорданың қалай тартып алғанын, сондай-ақ Назарбаевтың туысы Ахметжан Есімовтің тұсында ЭКСПО әкімшілігінің 10 млн теңгелік тауарларын қалай қолды еткені турасында алғаш рет ашып айтты. Сұқбаттың толық нұсқасын Halyq Uni сайтының youtube арнасынан тамашалай аласыз.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама