Саған «күшті бол» деп анаңнан артық ешкім айтпайды, дейді суретші
Суретші әрі кәсіпкер Аңсаған Мұстафа бақытты болуды үйретемін деп, табыс тауып жүрген коучтарға сенбеуге шақырды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Бұл туралы ол Halyq Uni ютуб арнасына берген сұқбатында айтып берді. Айтуынша өз өмірін реттей алмаған кейбір «мамандар» табыс табудың оңай тәсілін меңгеріп алған.
«Бір үйде әр түрлі рудың басын қосып, қайсысын кімнен туып алғанын білмейтін қатындар қазір неше түрлі курстар ұйымдастырып, ақша жасап жатыр. Оттамасын. Бақытты болғыларың келсе, әжелеріңмен, аналарыңмен ақылдасыңдар, қыздар. Аналарыңнан артық ешкім жоқ. Мұны ойлаған себебім, мен студент болғанымда әркіммен жүріп, удай мас болып жүретін әйелдер, уақыт өте келе кішкентай қыздардың басын қатыратын болды. Ананша мың теңге, мынанша мың теңге деп. Қазақтың қыздарын қорғап қалғым келеді. Керек емес. Бақытты болғың келе ме, әжеңнен сұра. Одан артық ақылды ешкім айтпайды, одан артық ешкім жақсы көрмейді. Анаңнан артық саған «күшті бол» деп ешкім айтпайды», – дейді суретші.
Өзінің айтуынша, кішкентайынан мамасына жақын болған әрі газет редакциясында жүріп небір тағдырлы жандардың оқиғасына куә болған.
Кішкентайымнан мамамның қасында болдым. 11 жасымнан бері «Ақ босаға» газетін шығарды, содан бері редакцияда өстім деуге болады. Неше түрлі оқиғалар, қыздар келеді. Ол кезде психолог деген мамандар жоқ. Барлығы анама келіп, оқиғаларын айтып, мұңын шағады. Жылаған деген сияқты. Көбі алданып қалады, екіқабат болып. Бұған жігіт те, қыз да кінәлі. Біз тек қыздарға ұрса береміз. Тыя береміз, ал ұлдар бөлек мемлекет сияқты ойына не келсе соны істейді. Қызды да, ұлды да тең тәрбиелей алсақ, жетімханада балалар аз болар еді, – деді Аңсаған Мұстафа.
Айта кетелік, суретші бұл сұқбатында цензураға қайшы келетін картиналарын Ақорданың қалай тартып алғанын, сондай-ақ Назарбаевтың туысы Ахметжан Есімовтің тұсында ЭКСПО әкімшілігінің 10 млн теңгелік тауарларын қалай қолды еткені турасында алғаш рет ашып айтты. Сұқбаттың толық нұсқасын Halyq Uni сайтының youtube арнасынан тамашалай аласыз.