Halyq Uni логотип
×

Есімовтің адамдары 10 млн теңгеге алдап кетті – Аңсаған Мұстафа

11 адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер қалай алданып қалғанын айтты

 Ая Өміртай 28.03.2023 | 15:20

2017 жылы Астана қаласында өткен халықаралық ЭКСПО көрмесі кезінде ұйымдастырушы әкімшілік бірқатар кәсіпкерлерді алдап кеткен. Бұл туралы суретші әрі кәсіпкер Аңсаған Мұстафа Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында айтып берді.

Суретші сұқбатында цензураға қайшы келетін картиналарын Ақорданың қалай тартып алғанын, сондай-ақ Назарбаевтың туысы Ахметжан Есімовтің тұсында ЭКСПО әкімшілігінің 10 млн теңгелік тауарларын қалай қолды еткені турасында алғаш рет ашып айтты.

Кәсіпкердің айтуынша, оған көрме ұйымдастырушыларының бірі хабарласып, футболкаларды көрме аумағына жеткізіп беруді сұраған.

«Енді көтеріліп келе жатқан кезде, өкінішке қарай елімізде ЭКСПО өтті. Олар [ұйымдастырушылар – ред.] маған 15 мың футболка әкеліп беруімді сұрап, көрме аумағындағы дүкендерге қоятынын айтты. Ақшасын ай сайын беріп тұрамыз деді. Футболкаларды қарызға алып, логотиптерін басып, толтырып қойдық. Бір айдан соң ақшасын алуға бардық. Ол кезде 11 адам жұмыс істейміз. Барсақ, келісімшартқа қол қойған қыздар емес, басқа қыздар отыр. 2-3 күннен кейін барсам, басқа адамдар отыр. Екі ай өтіп кетті. Сөйтсек біз ғана емес, қолөнершілер, керамистер, дизайнерлер ештеңе ала алмаған екен. Сосын полиция келіп бәрімізді қуды», - деп еске алды ол.

Тауар ақшасын көрме аяқталған соң беретінін айтқан ұйымдастырушылар «тарап», артынан ізім-қайым жоғалған. Ал кәсіпкер кінәліні таба алмау себебін фирманың жалған жолмен құрылғандығымен байланыстырған.

Артынан іздестірсек, жалға алған адам фирманы үйсіз-күйсіз қаңғыбастың атынан ашқан болып шықты. Ең соңында кім кімді алғаны белгісіз болып, соңына жете алмадық. 10 млн теңге алған қарызым болды, футболканың барлығы таусылып біткен. Алдымыз күз, 11 адам айлығын күтіп отыр. Жұмысқа баратын бет жоқ, үйде жатып алып жыладым, - дейді Аңсаған Мұстафа.

Суретші Аңсаған Мұстафа – қазақ иллюстраторларының бірі. Қоғамдағы түрлі құбылыстарға қарапайым қылқаламмен терең мағына беріп жүрген суретші.

Ол қазірге дейін 200-ден көп картина салған. Оның «Мамам мені өлтіретін шығар» атты картинасы бірнеше жанның өмірін өзгертуге себепші болған. Суретшінің картиналары бүгінге дейін 40-тан аса халықаралық көрмеде қойылған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама