Вашингтон өзінің ядролық күштеріне жоғары жауынгерлік дайындық қажет деп санамайды
АҚШ Ресей президенті Владимир Путиннің тактикалық ядролық қаруын Беларуське орналастыру мүмкіндігі туралы мәлімдемесіне жауап берді. Бұл туралы CNN арнасы хабарлады.
АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкілі Ведант Пател ведомствоның жағдайды бақылауды жалғастыратынын айтты. Алайда Ресейдің Украинада ядролық қаруды қолдануға дайындалып жатқанының белгілерін байқамағандықтан, Вашингтон өзінің ядролық күштеріне жоғары жауынгерлік дайындық қажет деп санамайды. АҚШ Ұлттық қауіпсіздік кеңесінде осындай мәлімдеме жасалды.
Америкалық соғысты зерттеу институты (ISW) Путиннің сұхбатын «кезекті ақпараттық операция» деп атады. Институт сарапшылары Путин Украинаның батыстық одақтастарын қорқыту үшін Ресейдің қорғаныс-өнеркәсіптік кешенінің кәсіпорындарын жұмылдыру мәселесін әсірелеп айтады деп санады.
Сондай-ақ Украинаның Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Алексей Данилов Путиннің Беларусь еліне тактикалық ядролық қаруды орналастыру туралы мәлімдемесін елдің ішкі тұрақсыздығына жасалған қадам ретінде сипаттады.
Бұл Беларусь қоғамының Ресей мен Путинге қарсы негативін арттырады. Кремль Беларусь елін ядролық кепілге алды, – деді ол.
Ал Беларусьтің оппозициялық көшбасшысы Светлана Тихановская Ресейдің тактикалық ядролық қаруын өздеріне орналастыру елдің Конституциясына тікелей қайшы келетінін және оның 1990 жылғы Тәуелсіздік декларациясында жазылған мәртебесін бұзатынын алға тартып отыр.
«Ресей өзін басқыншы ретінде ұстайды, ұлттық қауіпсіздікке зиян келтіреді», – деді Тихановская.