Бұрынғы қарызын өтеп үлгермеген жандар да ораза ұстай ала ма – мүфтият өкілінің жауабы
Мүфтият өкілі арақ ішкен адамдарға да қатысты жауап берді
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілі Ерғали Байділдаев Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында ораза жайлы жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді.
«Ораза – жеке-дара құлшылық. Намаз оқымаған адам да ұстай алады. Намаз оқымайтын кісі ораза арқылы дінге біртабан жақындап, келер жылдары намазға жығылуы әбден мүмкін. Ораза ұстау үшін намаз оқу міндетті шарт емес, сондықтан намаз оқымайтын адамның оразасы да қабыл болмайды деу – қате сенім. Ораза әрбір мұсылман, балиғат жасына толған, ақыл-есі бүтін ер мен әйелге парыз», – деді мүфтият өкілі.
Сонымен қатар ҚМДБ өкілі қазасын өтемей ораза ұстау жайын түсіндіріп берді.
«Оразадан қарызы бар кісілер Рамазан айы келісімен ораза ұстап, ал өтеп үлгермеген қаза оразаларын Рамазаннан кейін өтеуге тиіс. Оны өтемейінше, парызы мойнынан түспейді. Өйткені ораза ұстау – парыз болса, қазасын өтеу де – парыз. Мүмкіндігінше келесі Рамазан айына дейін толыққанды қарызынан құтылғаны абзал», - деді ол.
Ерғали Байділдаевтың айтуынша, арақ ішкен адам оразасын 40 күннен кейін ғана бастауы – дұрыс емес.
«Кейбір кісілер Рамазан айында зиянды әдеттерден бірден бас тартып, ауыз бекітеді. Міндетті түрде сол уақытқа дейін істеп келген күнәларын мойындап, екінші рет қайталамауға уәде етіп, тәубенің барлық шартын орындаса, оразасы дұрыс, ниеті қабыл болады. Кімде-кім арақ ішсе, Алла Тағала оның қырық күн намазын қабыл етпейді. Егер тәубе етсе, Алла оны кешіреді. Ал, қайта арақ ішсе, Алла Тағала оның қырық күн намазын қабыл етпейді. Ораза да осындай. Ораза ұстамай тұрып, ішімдік ішкен болса, ұстаған оразасының сауабы болмайды. Алла елшісі (с.а.у.) «Алла Тағала арақты iшкенді, сатқанды, сатып алғанды, дайындағанды, дайындауға тапсырыс бергенді, тасымалдаушыны лағынеттедi!», – деп, ішімдіктің түрлі күнәнің бастауы екендігін баяндаған. Сондықтан араққа жоламау керек. Рамазан айы біткен соң ішімдік ішуін жалғастыра берсе, оразаның сауабы болмайды. Тек ораза ұстағаны үшін мойнынан ораза парызы түседі», - деді Ерғали Байділдаев.