×

«Күйеуге шығып, борщ дайындау керек». Бибісара Асаубаева Жансая Әбдімәлікті сынады

Өзі біз шұғыл жиналыс жасап, не істерімізді білмей жатқан кезде отельде қыдырып жүрген, - дейді

 Еркеғали Болатұлы 26.03.2023 | 09:30
фото: opennews.kz

Блицтен екі дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева өзінің Instagram-дағы парақшасына әріптесі Жансая Әбдімәлікке қатысты сыни пікірін жариялады.

Әркім өзі үшін» деген түсінікті кейбіреулер «бәріне түкіргенім бар» деген мағынада көргісі келеді. Олардан өз қатесін түсініп, сыпайылықпен кешірім сұрауды ешқашан күтпейсің. Егер мұндай адамдар айналасына өтірікті жаудырса, сыпайылық туралы әңгіме айту қиын. Сірә, шындықты бүркемелеу – бірінші кезекте шахматшы екендігін ұмытқан Алматы мәслихатының бұрынғы депутаты Жансая Әбдімәліктің кәсіби әдеті. Алайда кез келген кәсіби спортшы үшін кешірілмейтін нәрселер бар. Ол тіпті кім болса да, – деп жазды Асаубаева.

Оның айтуынша, Делиде маңызды Гран-при турниріне өздері 11 шахматшы болып барған. Сол кезде Жансая Әбдімәлік ұйымдастырушылар дұрыс қарсы алмады деген желеумен жарыстан аяқасты кетіп қалуды жөн көрген. Мұны турнирдің ашылуына 1 сағат қалғанда әріптесіне телефон арқылы хабарлап, әуежайда екендігін, ұшқалы отырғанын жеткізген.

Ал өзі біз шұғыл жиналыс жасап, не істерімізді білмей жатқан кезде отельде қыдырып жүрген. Жансая өзінен бір елі қалмай, бірге жүрген ер адаммен ұшып келген. Басқалар жалғыз болса да отельге ешқандай қиналыссыз жеткен. Кейбір шахматшылар Гран-приге қатысу үшін өзге жарыстардан бас тартқан, енді олар ыңғайсыз жағдайда қалды. Өтірік араласқан асығыс шешімнің салдарынан турнир болмай қалуы мүмкін. Соңғы сәтте өзі ойлап тапқан себеппен бәрін тас-талқан қылғысы келген бір адамның кесірінен осылай болып отыр. Әрине, жергілікті ұйымдастырушыларға қатысты сұрақ көп. Бірақ көп мәселе Жансаяға, оның спортшыға тән емес әрекетіне қатысты болып отыр, - дейді Бибісара Асаубаева.

Бұл ретте ол спортшылар кез келген күтпеген жағдайға беріле салмай, бәріне дайын болуы тиіс деген пікірде.

«Кез келген ұсақ-түйекке Жансая сияқты қарасақ, онда спортпен қош айтысып, күйеуге шығып, борщ дайындау керек», - деп бір-ақ қайырды Асаубаева.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама