Патриотизм мен ұлттық құндылық: мұғалімдер мектепте өтетін іс-шараларға тоқталды
Педагогтер ең алдымен жастардың жағдайын жасау қажет екенін айтты
Жасөспірімдердің патриоттық сезімін арттыруды мектептен бастаған жөн. Мұндай пікірді мектепте жұмыс істейтін мамандар айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.
«Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ел қайдан шығады?» демекші жастар арасында патриоттық сезімді арттыру үшін олардың жағдайын жасау қажет. Қазір осы бағытта біршама іс жолға қойылған. Оның ішінде шетелде тегін білім алуға мүмкіндік жасалған. Сондай-ақ олардың баспана, жұмысқа орналасу секілді жүйелі мәселесін шешуге атсалысу қажет», - дейді Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернаттың қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Жансая Төлеужан.
Сондай-ақ жастар арасында ұлттық өнегені қалыптастыруға ден қойған жөн.
Ол үшін діни көзқарасын улауға, терроризмді насихаттауға бағытталған жарнамаларға шектеу қоюды ұсынар едім. Оның барлығы интернетте жарияланады, осы тұста жастардың не оқып жатқанына да мән берген жөн. Себебі қоғамға, оның ішінде адамның санасын улайтын агитация, жарнамаға мән беру қажет. Ол үшін интернет ресурстарға фильтр жасауды ұсынамын, - дейді Төлеужан.
Мұғалімнің айтуынша, қазір «Оқуға құштар мектеп» жобасы бар. Алайда оның іске асып жатқанынан көпшіліктің хабары жоқ.
«Бұл жоба жақсы іске асып жатыр, алайда оның бар екенін білмейтіндер де бар. Соны барлық мектепке міндетті ретінде енгізгені пайдалы болады. Оқырмандар клубын ашып, ұлттық өнеге мен патриотизмнің не екенін үйрететін, соған баулитын кітаптарды оқыту қажет», - дейді ол.
Партиоттық сезімді ояту тек оқулықтарға ғана байланысты емес. Бұл жерде мәдениет саласының да алатын рөлі бар.
Қандай фильм түсіріліп жатқаны да маңызды рөл атқарады. Кино өнімдеріне «таза қазақша сөйлеу» талабын енгізген жөн. Бізде қазір фильмдерде қазақ-орыс тілі аралас қолданылады. Бұл кейінгі кезде тенденцияға да айналып барады. Осыған назар аудару қажет, - дейді қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.
Маңғыстау облысы Түпқараған ауданындағы Ақшұқыр мектеп-лицейі мектеп директорының тәрбие жұмысы бойынша орынбасары Мөлдір Сәуірбаеваның айтуынша, мектепте әртүрлі тәжірибе жасауға болады.
«Мектептегі тәрбие саласының 8 бағытының бірі патриотизм мен азаматтық тәрбие және құқықтық тәрбиеге арналған. Еліміздің әр азаматы мемлекеттік рәміздерді құрметтеп, қастерлеуге тиіс. Осы мақсатта кейбір білім ордаларында ізгі дәстүрлер сақталған. Мәселен, әр дүйсенбі сайын оқушылар міндетті түрде Мемлекеттік гимнді орындайды. Тек орындап қана қоймай, авторлары туралы мәліметті жатқа білетін балалар да бар. Сонымен қатар әртүрлі әлеуметтік тәжірибелер жасауға болады. Мысалы, аяқасты дауыс күшейткіштер арқылы Әнұранды қосу, еденге туды тастап, білім алушылардың реакциясын байқай аламыз», - дейді Мөлдір Сәуірбаева.
Егер әнұран қосылғанда, қолын жүрегіне қойса, жерде жатқан туды көтерсе, мектептегі патриотизм мәселесі жолға қойылған деп түсінуге болады.
Егер оқушылар енжарлық танытса, рәміздерді құрметтеу туралы лекциялық сабақтарды жиі өткізуге тура келеді. Сондай-ақ мектепте патриоттық шараларды да жиі өткізу қажет. Республика күні, Тәуелсіздік күнімен шектелмей, жылдық жоспарға оқушылардың патриоттық сезімін оятатын іс-шараны көптеп қосқан дұрыс. Оқушы қаншалықты көзімен көріп, құлағымен естісе, соншалықты ұғымпаз болары анық, - дейді мектеп мұғалімі.
Айтуынша, еліміздің тарихы, тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктер бойынша оқушылар арасында түрлі интеллектуалды ойындар ұйымдастыруға болады.
«Мектептегі «Жас Ұлан», «мектеп парламенті» ұйымдары да оқушылардың патриот болуына, әрдайым бастамашыл болуға негіз бола алады», - деп түйіндеді Мөлдір Сәуірбаева.
Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті филология факультетінің оқытушысы Бауыржан Каспихан жастардың арасында патриотизм сезімін арттыру үшін форум өткізіп, 5-6 патриоттық әнді қоюдың пайдасы жоқ екенін айтты.
Оның орнына жүйелі түрд е ұлттық құндылыққа негізделген тәрбие мен білім беру қажет деп санайды. Сондай-ақ еліміздегі барлық білім беру жүйесінде ұлттық құндылыққа негізделуге тиіс деген пікірде.
Ол қалай жүзеге асады? Кез келген салада оқып жатқан студент білім алып қана қоймай, қазақты тани алуы керек. Қазақтың даналығын, қазақтың еркіндік сүйетініне таң қалуы керек. Бір сабақта қазақтың болмысына қатысты таңданыс, жаңа ақпарат алуы қажет. Демек, біліммен қатар әсер алады. «Осындай болған ба?» деген таңданыс арқылы ғана ұлттық құндылықты түсінеді, - дейді Бауыржан Каспихан.
Оның сөзінше, оқушы не білім алушы таңданыс арқылы да қаншалықты құнды екенін сезіне алады. ал халыққа, ұлтқа деген махаббат ұлтжандылыққа алып келеді.
«Үдемелі, жүйелі түрде әрбір айтқан ойдан ұлттық болмысын таниды. Математика, тарих, әдебиет – қай пән екені маңызды емес. Сыни ойлауды қалыптастырып, «белгілі бір дерек маған не берді?», «біз оны қалай пайдалана аламыз?» деген сұраққа жауап алуға тиіс. Алаш қайраткерлері оны қалай пайдаланды? Біз қалай пайдалана аламыз? деген сұрақтар қойылуы керек, - дейді Каспихан.
Алайда ол ұлтжандылық сезімін арттыру барысында бір ұлтты басқа ұлттан жоғары не төмен қоюға қарсы.