Биылғы жылдың басында мемлекеттік рәміздерге құрметсіздік танытудың бірнеше келеңсіз оқиғасы болды
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның мемлекеттік туы халықаралық және әлемдік деңгейдегі мәдени іс-шараларда 4,6 мың рет көтерілген. Қазіргі таңда елімізде рәміздерді зерттеумен айналысатын арнайы орталық бар, деп хабарлады Halyq uni.
2021 жылы Қазақстанда Геральдикалық зерттеулер орталығы құрылды. Ол Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитетіне қарайды. Орталық директоры Асылбек Баяжұманың айтуынша, бұл орталық Азияда геральдиканы зерттеумен айналысатын әзірге жалғыз мекеме. Жалпы, геральдика емлекеттік рәміздерден бастап, өңірлерлік нышандар, мемлекеттік рәміздер, ою-өрнек, тарихи таңба – бәріне қарайды. Қазір орталық бірнеше бағыт бойынша жұмыс істеп жатыр. Зерттеумен қатар, мемлекеттік рәміздерді насихаттап, елімізде берілетін ведомстволық наградаларды сараптаумен айналысады.
Шыны керек, мемлекеттік рәміздерді насихаттау деп 30 жылдың ішінде түрлі семинар, симпозиум, конференциялар арқылы алаулатып-жалаулатып 4 маусым күні ғана көшеге шығумен шектеліп келдік. Одан ешқандай нәтиже болған жоқ. Одан халықтың мемлекеттік рәміздерге деген керемет сезімі оянды деп айтқан өтірік болады. Қазір біз заманауи технологияны қолданып, осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Әсіресе, жастардың арасында бұл жұмысты жүргізу маңызды. Биыл жыл басында мемлекеттік рәміздерге құрметсіздік танытқан бірнеше келеңсіз оқиғасы болды, – дейді орталық директоры.
Орталық басшысы бүгінге дейін елімізде мемлекеттік рәміздерді насихаттау, ұлықтаудың әдістемелік құралдары әзірленбегенін айтады.
«Бізде тіпті, мемлекеттік органдардың басшыларының өзі мемлекеттік рәміздерді қолдану, пайдалану, күту тәртібін білмейді. Бұны өзім бірнеше рет облыстарға мемлекеттік рәміздерді мониторингілеу тобымен бірге шыққанда көрдім. Осыған байланысты орталық бірінші мектепке дейінгі бүлдіршіндердің арасында, екінші мектеп жасындағы білім беру ұйымдарында, үшінші кәсіптік білім беру ұйымдарында (ЖОО) мемлекеттік рәміздерді насихаттау бойынша жоспарлы түрде жұмыс істеп жатырмыз. Кездесулер өткізіп, жалаушаларды таратып, мемлекет болу мен тудың шығу тарихы туралы қызықты деректерді айтып жүрміз. Өйткені балаға тудың неше сантиметр екенін айтқаннан гөрі, біздің туымыз неше рет және қай жерде, кім желбіретті, жалпы тудың мәні деген сұрақтардың жауабы қызықтырақ. Мысалы, тудың Айдын Айымбетовпен 150 рет айды айналып шыққаны сияқты қызықты мәліметтермен насихаттағаны дұрыс деп есептеймін. Қазір осындай әдістемелік құралдарды әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деп қосты ол.
Еске сала кетейік, биыл рәміздерді қорлағандарға қолданылатын жаза күшейтілген болатын. Атап айтқанда, Әкімшілік кодекске өзгеріс енгізіліп, айыппұл көлемі 10 млн теңгеге дейін көбейтілді.
«Енді тек қана айыппұлмен шектелмеу керек. Негізгі бағыт-бағдарымыз жастарда, өйткені олар елдің болашағы болғандықтан, соларға арнап жұмыс істеу керек. Мысалы, түрік фильмдерін алыңыз міндетті түрде туын көресіз. Немесе киім, бас киім, тіпті шай ішіп отырған кеседен көруге болады. Әр үстел, үйінің төрі, балконы мен жүрген жерінде желбіреп туы тұрады. Бізде де солай іле беру керек. Қазақстанда рәміздерді брендбук құралдарына басып, пайдалануға болады. Оған ешқандай шектеу жоқ. Әр адамның туына деген құрметін білдіреді. Министрлікке «Бір ту – Бір ел» деген жобаны ұсынған едік. 19 млн халқы бар ел болғаннан кейін саясат, экономика және басқасы бар. Оның үстіне біз руға, жүзге бөлінеміз. Сол бөлінуге дайын тұрған қазақты бір туға біріктіретіндей жұмыс істеу керек. Патриотизм сонда ғана қалыптасады. Миллиардтар шашып жатқан саммиттерден патриотизм қалыптаспайды», – дейді директор.
«Рәміздерді 4 маусымда ғана еске аламыз»
Сонымен қатар Асылбек Баяжұма кейбір мемлекеттік органдардың басшылары рәміздерді дұрыс пайдалануды білмейтінін айтады.
«Мемлекеттік мекемелердің рәміздерді пайдалану ережесін бұзу фактілері туралы айтыла бермейді. Әр облыс, қала, аудан мен ауылдың әкіміне дейін барып аралап, мониторинг жасау керек. Елтаңбаны, туды қалай қойғанын көзбен көру қажет. Ол жұмысты жүргізу үшін біраз уақыт керек. Мәселен, былтыр Шығыс Қазақстан облысында болдым. Өңірдегі бірнеше ауданға барғанда елтаңба сол жағында, ту оң жағында, сол екеуінің ортасында отырған басшыларды көрдім. Сол жерде рәміздерді ретімен орналастыртып қайттық. Негізі Мемлекеттік рәміздер туралы заңда оның бәрі жазылып тұр. Соны оқымайды ғой», деді ол.
Сондай-ақ ол рәміздерді ұлықтаудың бірнеше жолын атап өтті.
Мемлекеттік рәміздер туралы 4 маусым күні ғана еске алатыны жасырын емес. Наурыздан бастап ұлттық, мемлекеттік мейрамдарымыз көп. Осы мерекелердің барлығында ту көтеріп жүру керек. Бұл біріншіден тәуелсіздіктің белгісі. Балалардың көзі үйренеді. Екіншіден, Қазақстанның елтаңбасы мен туын неге тек депутаттар ғана тағуы керек? Мәжіліс пен мәслихаттың депутаттардың таққаны дұрыс, оны депутаттық белгі ерекше болғаны жақсы. Бірақ одан кішкентай пішінде рәміздер бейнеленген төсбелгіні мектеп оқушылары да тақса жақсы болар еді. Күнделікті тақса, оған көз үйреніп, рәмізге деген құрмет артады, – деп толықтырды сөзін.
Оның пікірінше, патриотизм, отансүйгіштік, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті насихаттау үшін білім мекемелерінде аптасына бір рет 10 минут уақыт бөлсе жеткілікті.
«Мектеп оқушыларымен кездесуге жиі барам, байқаймын кейбір білім ордалары өз басына әнұран шығаруды сәнге айналдырыпты. Бірнеше мектеп директорынан «Қайдағы ән ұран шығарып жүрсіздер? Бізде Қазақстанның жалғыз әнұраны ғана бар» деп ескерту жасадым. Пәленбай деген завучтың сөзіне жазылған әнұрандары шығарып алады екен. Оған тыйым сала алмаймыз, өйткені қолданыстағы заңда ондай норма жоқ. Директорларға олай істемеңдер деп айтып жатырмыз», – деді ол.
«Мыжылған ту үшін жауапкершілікке тарту керек»
Бұған қоса, Асылбек Баяжұма ірі халықаралық жарыстарда умаждалған тудың кездесетінін атап өтті. Оны рәмізге құрметсіздік деп есептейді.
Шетелде өтіп жатқан ірі спорттық жарыстарда Қазақстанның туы умаждалған күйінде іле салады. Ол Қазақстаннан алып шыққан туға салғырт қараудың салдарынан болады деп ойлаймын. Шабаданға орап салып жіберуі мүмкін. Ондай салғырттыққа міндетті түрде жауапкершілік болған дұрыс. Ұйымдастырушылар, отандық делегацияны бастап бара жатқан адам бірінші кезекте жауапты болуға тиіс. Егер ондайға жол берген болса, елге келгеннен кейін міндетті түрде жауапкершілікке тартылмаса болмайды. Сонда өзіне де, өзге де сабақ болады, – деді ол.
Геральдикалық зерттеулер орталығы мемлекеттік рәміздердің шетелде қанша рет пайдаланылғанына сараптама жасаған.
«Тәуелсіздік алған 30 жылда туымыздың шетелде қанша рет көтерілгеніне мониторинг жасап көрдік. Қазақстанның әнұраны мен туы халықаралық және әлемдік деңгейдегі мәдени іс-шараларда 4600 рет көтерілген екен. Сондай-ақ Елтаңбамыз Ресейдің жүргізетін рейтингісі бойынша ең әдемі елтаңбалардың ішінде 9-шы орында тұр. Әдемде 212 мемлекет бар, оның 193-і тәуелсіз мемлекет. Соның ішінде үздік ондықта тұр дегенді білдіреді», – деп қосты орталық басшысы.
«Әр облысқа жеке нышан қажет емес, себебі...»
Бүгінгі күні еліміздегі облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың жеке өңірлік нышаны бар. Оны кейбір өңірлер төлтаңба деп атап жүр. Геральдикалық орталық басшысының бұған қарсы және оның себебін түсіндірді.
«Біз мониторинг жүргізумен айланысамыз. Оны төлтаңба деп атауға болмайды. Қазақстанда тек елтаңба бар мен ту бар. Ал облыс әкімдіктерінің төлтаңба деп жүргені тек өңірлік нышандар ғана. Онсыз да ру мен жүзге бөлініп жатқан мемлекетке енді әр облыстың өңірлік нышандарын жасау жетіспей тұр еді. Жалпы ол нышандарды мемлекеттік рәміздермен теңестіруге түбегейлі қарсымын. Оны ешқандай заңға енгізуге болмайды. Тауарлық белгі ретінде, спорттық-мәдени шараларда немесе қоғамдық ұйымдардың жұмысында пайдалануға болатын шығар. Бірақ оны жаппай енгізу болашақта Қазақстанды бөлуге әкелуі мүмкін. Елді біріктірудің орнына іріткі салуы мүмкін. Ең алдымен мемлекеттік рәміздерімізді насихаттап алсақ, жеткілікті», – деді ол.
Сонымен қатар былтыр жаңадан Ұлытау облысының өңірлік нышанына қатысты туындаған дауды еске салды.
Ұлытау мен Жетісу облысының жаңа нышандары әлеуметтік желілерде қолдау тапқан жоқ. Тіпті, Ұлытау облысы әкімінің орынбасарына хабарластым. «Мыналарыңыз не? Сіздерге Президент жаңа облыс құр, экономикасын көтер, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарт» деді ғой. Бара салып жеке мемлекет құрайын деп пе едіңіздер?» деп жаздым. Елтаңба мен туды қой да, жүре бер. Жаңа құрылған өңірге жеке нышанның не керегі бар? Сондай қателіктер бар. Бірқатар азамат мұны төлтаңба деп атайық, бұны өңірлік рәміз деп мойындатайық деп атсалысып жатыр. Мемлекеттік рәміздер туралы заңға бір тармақ енгізейік деп, оның мәртебесін заңдастырып алмақ. Бұл ертең әр облыс, ауданның гербі пайда болады деген сөз, – деп толықтырды сөзін.
Геральдикалық орталық өңірлік нышандардың күшін жою туралы тиісті ведомстоларға хат жолдағанын атап өтті.
«Әр өңірлік нышанның авторы әр жерде «Жандарбек Мәлібеков» болып шапан киіп, төрде жүрмекші. Олай болмайды. Бізде бір ғана елтаңба бар және оның авторлары Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлиханов. Шота ағамыз дүниеден өтіп кетті. Қазір көзі тірісі Жандарбек ақсақалымыз, онымен ешкім де теңесуге тиіс емес. Өйткені ол істеген дүниені басқалары істей алмайды. Өз басым мұны төлтаңба деп атауға да, әр өңірдің басыбайлы нышаны болғанға да қарсымын. Геральдикалық орталық өңірлік нышандардың күшін жою туралы министрлікке хат жолдадық. Бірнеше мәжіліс депутатымен кездесіп, мәселені түсіндірдім. Мәжіліс тарамағанда ақпан айында «өңірлік рәміздер» мәжілісте қаралып кете жаздады. Оған жол беруге, ешқандай статус беруге болмайды. Құдай сақтап Мәжіліс тарап кетті. Мен мұндай тақырыпты көтеретін адамды мемлекетті бөлшектеуді көздеген сепаратистер деп атаймын», – дейді директор.
«Қазақстанда геральдист деген дипломы бар маман жоқ»
«Геральдика Еуропада жақсы дамыған, сонымен бірге Ресейде 300 жылдан бері бар. Былтыр барып, ондағы орталықтың жұмысымен таныстым. Онда Президент жанында геральдикалық кеңес бар екен. Сол сияқты Испанияда Корольдик геральдик академиясы деген бар. Бізде халық жүзі мен рулық таңбаларын сөз етеді ғой. Сол сияқты ресейліктер «мен дворянмын, ақсүйектің тұқымымын» деп өз таңбаларын идеологиялық құрал ретінде пайдаланады. Біз ол керек емес. Біз қазақ геральдикасын құруымыз керек. Ол тастағы таңбалардан бастап, рәміздерге дейінгі аралықты қамтиды. Алдымен тастағы таңбаларды зерттеп алуымыз керек. Одан кейін байрақтарымыз, мөр таңбаларымыз, хандарымыздың мөрлері, ою таңбалар бар. Істейтін жұмыс жетеді», – деп толықтырды сөзін.
Орталық былтыр «Қазақ геральдикасы» деген кітап шығарды. Биыл «Таңбалар тілі» деген халықаралық журнал шығаруды жоспарлап отыр.
Өкінішке орай, Геральдикалық зерттеулер орталығының статусы төмен. Бір архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің қарамағындамыз. Тым құрығында министрліктің жанындағы орталық болып жеке құрылса дейміз. Мәселен, бізге Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан сияқты түркі мемлекеттерінен қызығушылық өте көп. Жұмыс істегісі келеді. Өйткені оларды мұндай орталық жоқ. Осыған орай былтыр Халықаралық геральдистер конференциясын ұйымдастырайық деп ұсыныс айттым. Өкінішке қарай бұл ұсынысты қолдаған министр кетіп қалды, жаңа министрге айтып көремін. Қолдайды ма, қолдамайды ма білмеймін. Оны астанадағы үйлерде емес, Алматының жанындағы таңбалы тастардың жанында өткізу керек. 25 мемлекеттің геральдистерін шақырып, қазақ геральдикасының ерекшелігін көрсетейік деп айтқан едім, – дейді директор.
Сондай-ақ геральдиканы дамыту мемлекеттік идеология үшін керек деп есептейді.
«Қазір басқа елдерде жоқтығын пайдаланып, Еуразия немесе Түркі мемлекеттерінің геральдикалық кеңесі дегенді құрып алсақ жақсы болатын еді. Оның төрағасы біздің президент немесе министр бола ма, әйтеуір қазірден бастап қолымызға алып алсақ, болашақта бүкіл Орта Азияны қамтымасақ та, бес мемлекеттің таңба, рәміздер саласы бойынша үлкен орталыққа айналуға мүмкіндік бар. Ойлай білген адамға бұл үлкен иедология», – деп қорытындылады сөзін Асылбек Баяжұма.
Айта кетейік, мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарауды қалыптастыру және ведомстволық наградалардың геральдикалық сипаттамасын жетілдіру жөніндегі ұсыныстар әзірлеу мақсатында Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитеті жанынан Геральдикалық зерттеулер орталығы құрылған.
Орталық базасында мемлекеттік рәміздерді зерделеу, насихаттау және қолдану, мемлекеттік стилді қалыптастыруда мемлекеттік саясатты іске асыру бойынша түрлі іс-шаралар өткізілетін болады. Сондай-ақ мемлекеттің өзін-өзі сәйкестендіру процестерін және геральдикалық белгілерді қолдану жөніндегі халықаралық тәжірибені зерделеу бойынша да іс-шаралар кіреді. Қазір орталық наградаларды сипаттау мен марапаттау негіздеріне қойылатын бірыңғай талаптарды әзірлеу бойынша жұмыс істап жатыр.