«Бәрі де мүмкін»: Елена Рыбакина желіде жазба жариялады

Халық үні

Қазақстанның бірінші ракеткасы Индиан-Уэллс WTA 1000 турнирінің чемпионы атанды

Фото: ktf.kz

Елена Рыбакина әлеуметтік желіде жазба жариялап, өзіне қолдау білдірген жанкүйерлеріне алғыс айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Айта кетейік, теннисші Рыбакина Индиан-Уэллс турнирінде жеңіске жетті.

Қолдау білдіргендеріңіз үшін баршаңызға рахмет! Әсіресе менің Қазақстандағы жанкүйерлеріме, оның ішінде жеңіс пен жаңа белеске ұмтылып келе жатқан балалар мен жасөспірімдерге алғыс айтқым келеді. Бәрі де мүмкін. Сондай-ақ демеушілере де ризашылығымды білдіремін. Сіздердің қолдауларыңыздың арқасында шамам жеткенше теннис алаңында жеңімпаз болуға тырысамын, - деп жазды Елена Рыбакина.

Айта кетейік, Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Индиан-Уэллс WTA 1000 турнирінің чемпионы атанды. Ол финалда әлемнің 2-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенкомен кездесті.

Бір сағат 20 минутқа созылып, тартысты өрбіген бірінші партияда Е.Рыбакина тай-брейкте жеңісті жұлып алды – 7:6 (13:11).

Ол екінші сетте де есесін жібермеді – 6:4.

Екі сағаттан астам уақытқа созылған бәсеке барысында Елена 7 эйс жасап, 10 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. А.Соболенко 4 эйс, 2 брейкпен (6 брейк-пойнт) шектелді.

Осылайша, алғаш рет WTA 1000 жарысының жеңімпазы атанған Елена Рыбакина Арина Соболенкодан Аустралия ашық чемпионатының финалында кеткен есені қайтарды.

Енді жерлес спортшы әйелдер арасында әлемнің жетінші ракеткасы атанды. Сондай-ақ Индиан-Уэллс WTA 1000 турниріндегі жеңісі үшін 1 млн доллар жүлде жеңіп алды.

Содан кейін ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев спортшыны тарихи жеңісімен құттықтады.

Индиан-Уэллстегі беделді турнирде жарқын жеңіске жеткен Елена Рыбакинаны құттықтаймын! Біздің спортшымыз асқан шеберлігін, жеңіске деген мұқалмас ерік-жігерін және спорттағы жоғары мәдениет үлгісін көрсетті. Елена әлемдегі үздік корттарда жаңа жетістіктерге жете береді деп сенемін! – деп жазды президент Instagram парақшасына.