×

«Орасан жеңілдік, қомақты дивидент». Бағдат Мусин мен байланыс операторлары бір мәмілеге келе алмай отыр

Цифрлық даму министрі операторлардың мәлімдемесіне жауап берді

 Ербол Тұрымбет 04.04.2022 | 17:05
коллаж: Halyq Uni

Өткен аптаның бейсенбі күні Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі президент қабылдауында болып, мобильді операторларды кінәлай сөйледі. Министрдің айтуынша, байланыс операторлары ауылдарды интернетке қосу жөнінде жауапты ведомствоға жалған мәлімет берген. Тіпті, былтыр жүргізілген жүздеген тексерістен кейін оны өздері де мойындай бастаған. Осыған байланысты 130 млн теңге айыппұл салынған. Айыппұл көлемі биыл тағы 10 есе ұлғайтылғалы отыр.

Дегенмен, мобильді оператор өкілдері Цифрлық даму министрінің «жалған мәлімет берді» дегенін жоққа шығарды. Бағдат Мусиннің мәлімдемесімен келіспеген олар бірлескен мәлімдеме жасаған.

ДАУДЫҢ БАСЫ

31 наурызда Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин президент қабылдауында болып, ауылдардағы интернет сапасына қатысты 2019 жылы 50, былтыр 560 тексеріс жүргізілгенін айтты. Тексеру нәтижесінде, операторлар министрлікке жалған ақпарат бергенін мойындай бастапты. Интернет жүргізілді деген ауылдардың ішінде 200-інде байланыс болмай шыққан. Нәтижесінде 2019 жылы операторларға 15 млн теңге айыппұл салынса, былтыр 140 миллион теңге төлеткен. Енді айыппұл көлемін 10 есеге дейін арттыру көзделіп отыр.

Алайда операторлар министрдің «операторлар жалған мәлімет берді» деген сөзін жоққа шығарып, ертесіне бірлескен мәлімдеме жасады. Kcell, Beeline, Tele2 компания өкілдері бірігіп жазған хатта жобаның толық жүзеге аспауына министрліктің өзін кінәлаған. Олардың мәлімдеуінше, жоба бойынша 2018-2020 жылдар аралығында халық саны 250 адамнан асатын 928 ауылға кеңжолақты интернет (мобильді) жеткізілуі керек болған. Ол жұмыс уақытында орындалған. Оның үстіне, ауылдар саны тағы да нақтыланып, тізім арта түскен. Операторлар оған да келіскенін айтады. Алайда жобаны жүзеге асыру барысында министрлік біржақты түзетулер енгізген. Яғни, шығыны есептеліп, бүкіл құрылғы сатып алынып қойғаннан кейін жоба тағы өзгертілген. Сайып келгенде, операторлар жобаның өз-өзін ақтайтынына күмән келтіре бастаған.

БЮДЖЕТКЕ 80 МЛРД ТЕҢГЕ ТҮСПЕЙДІ

Операторлардың бірлескен мәлімлдемесіне Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин өз уәжін айтты. Министрдің сөзінше, операторларға орасан жеңілдік жасалып, салықтың 90%-ынан босатылған. Яғни, ауылдық жерге барып, интернет құрылғысын орнатса, 2020 жылдан бері оған салық төлемеуге құқығы бар. Мұндай жеңілдік қазір де бар екен. Мұнара орнатып жатса, оның есебі салық комитетіне беріліп, комитет олардан салық ұстамайды. Нәтижесінде 2025 жылға дейін бюджетке 80 миллиард теңге табыс түспейді. Операторлар ол ақшаны сол интернет жүргізу жұмыстарына жаратуы керек.

«Бірақ осы «тартуымыз» оларға көмектеспей жатыр. Сондықтан біз айыппұл мәселесін қозғап жатырмыз. 500-ден астам тексеру жүргізіп, 130 млн теңгеден астам айыппұл жазып бердік. Бірақ ол өте аз. Өйткені, есеп-қисабын қарасаңыз, акционерлеріне өте қомақты дивидент төлеген. Ендеше, дивидент ретінде қомақты қаражат алып жатса, салық бойынша үлкен жеңілдік жасасақ, жұмысын орындамаса қайтеміз?! Айыппұл салу керек! Әйтпесе, ауылдық жерлерге интернетті қалай жеткіземіз?», - дейді министр.

Министрдің айтуынша, интернетке қосылмаған - халық саны 250-ден асатын елді мекендер әлі де бар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама