Halyq Uni логотип
×

«Студенттерді мәжбүрлеген жоқ»: саясаттанушы дауыс берушілердің не себепті аз болғанын түсіндірді

Сайлауға бармаған студенттер өте көп

 Бауыржан Мұқанов 20.03.2023 | 13:02
«Студенттерді мәжбүрлеген жоқ»: саясаттанушы дауыс берушілердің не себепті аз болғанын түсіндірді
Фото: спикердің жеке архивінен

Бұл сайлаудың басты жаңалығы – жаңа партиялардың тіркеліп, оған қатысуы. Соның ішінде жас партиялардың Парламентке өтуі, оппозициялық партияның жеткілікті шектен асуы осы сайлаудың ерекшелігі. Оған қоса өзін өзі ұсынушылардың қатысуы да дауыс берушілердің белсенділігін арттыруға ықпал етті. Бұл туралы Halyq Uni агенттігіне берген жауабында Л. Гумилев атындағы ЕҰУ постдокторанты, саясаттанушы Айгерім Серікжанова мәлімдеді. 

«Партиялық тізіммен ғана сайланатын жүйеде партия ішінде ықпалды, беделді адамдар ғана депутаттық мандатқа қол жеткізетін. Осы жолы партия саясатына араласпаған, халық ішіндегі, өз жерлестері арасында сыйлы жекелеген азаматтар да сайлауға қатысуға мүмкіндік алып отыр. Бұл, ең алдымен, халықтың сайлаудағы белсенділігін арттырды. Атап айтқанда, әсіресе, кандидаттардың сенімді өкілдері белсенді, әлеуметтік желіде жиі статистика жариялап, сайлаудың барынша ашық өтуіне ықпал етіп жатыр», – дейді саясаттанушы.

Айгерім Серікжанованың айтуынша, дауыс беру көрсеткішінің төмен болу себебі – оқу орындары басшылығының студенттерді мәжбүрлемеуі. Оны студенттердің өздері де айтып отыр. Нәтижесінде сайлауға бармаған студенттер өте көп.

«Дауыс беру мен оны санау дұрыстығына келер болсақ, кез келген жағдайда, меніңше, сын болады деп есептеймін. Саяси мәдениетті көтеру бір сайлаумен ғана шектеліп қалмайды. Бірнеше жыл, бірнеше сайлау өтуі керек. Сондықтан өңірлерде бюджеттік ұйым басшылықтары тарапынан қызметкерлерді мәжбүрлеу деректер де болуы мүмкін. Оны бақылаушылардың қорытындысынан көреміз, әзірше, өрескел заң бұзушылық болған жоқ», – дейді спикер.

Параментке бұрын 3 партия ғана өтіп келсе, қазір, алдын ала деректер бойынша, алты партия Парламенттен орын алғалы отыр. Оның үстіне Amanat партиясының да үлесі азайған. Бұл саяси плюреализмге алып келеді. Менің ойымша, бұл заң шығарушы органның жұмысына жаңашылдық алып келеді. Бұл Парламенттің рөлін күшейтпесе, әлсіретпейді, – дейді саясаттанушы.

«Қай партия парламенттік оппозицияға айналады дегенге келсек, дәл қазір ешқандай партия парламенттік оппозиция ретінде көрінбеуі мүмкін. Уақыт өте келе партиялар бір бірінің көзқарастары мен принциптерін жақыннан тани келе бірге жұмыс істеуі немесе қарсыласуы мүмкін. Егер Amanat партиясына қарсы коалиция құрылатын болса, оған бастамашы Respublica болуы ықтимал. Себебі ол партияның тең төрағалары жаңаша ойлайтын демократтар. Бірақ бұл дәл қазір емес, уақыт өте келе қалыптасатын үрдіс», – деп қорытындылады Айгерім Сеіркжанова.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама