×

Менің үстімнен қозғалған қылмыстық істің коронавирусқа қатысы жоқ – Біртанов

Сот шешімімен Біртанов 5 жылға, Әбішев 4 жылға бас бостандығынан шектеу жазасына кесілді

 Айгерім Таубай 20.03.2023 | 12:30
Фото: Halyq Uni

Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов өзіне қозғалған қылмыстық істің коронавирус пандемиясына қатысы жоқ екенін нақтылады. Бұл туралы экс-министр Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында тарқатып айтып берді.

«Мен өзімді және Олжас Әбішевті кінәсіз деп санаймын. Біз ешқандай қылмыс жасаған жоқпыз. Елден ақша ұрлаған жоқпыз. Мені соттаған істің коронавирус пен пандемияға қарсы іс-әрекетпен байланысы жоқ. Бұл денсаулық сақтау министрлігінің енгізіп, іске асырып жатқан инфрақұрылымы – ақпараттық жүйеге байланысты. Ешқандай ақша ұрлау, немқұрайлық, қылмыс болған жоқ. Конституция бойынша барлық құқығымды пайдаланып, әрі қарай күресемін», - деді Елжан Біртанов.

Сондай-ақ осы жағдайда өзіне қолдау білдірген қазақстандықтар мен шетел азаматтарына алғыс айтты.

Ақталып шығатыныма сенемін. Апелляциялық сот біткен кезде маған бір жасы үлкен тәжірибелі кісі хабарласты. «Елжан, сені халық ақтады, қағаз әлі келеді. Бұл халықтың шешімі емес» деп айтты. Мен Қазақстан сотының шешімі өзгереді деп сенемін, - деді бұрынғы денсаулық сақтау министрі.

Айта кетейік, 2022 жылдың 28 қазанында сот шешімімен Елжан Біртанов 5 жылға, Олжас Әбішев 4 жылға бас бостандығынан шектеу жазасына кесілді.

«Сот Елжан Біртановты қылмыстық кодекстің 361-бабы 3-бөлігі бойынша санитарлық авиация ұшағын қолданғаны үшін кінәсіз деп таныды. Елжан Біртанов пен Олжас Әбішевті қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танып, Біртановты 5 жылға бас бостандығын шектеуге, Олжас Әбішевке 4 жылға бас бостандығын шектеу туралы үкім шығарды», - делінген сот үкімінде.

Сондай-ақ оларға пробациялық бақылау қойылатыны айтылды. Екеуі де өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды. 

Денсаулық сақтау министрлігі бұрынғы министрге қарсы «пациенттер, дәрі-дәрмектер және медициналық бұйымдар туралы барлық деректі біріктіруге тиіс болған жұмыс істемейтін ақпараттық платформаны қабылдап, пайдалануға берген» деп айыптап, 1,5 млрд теңге шығын келтірді деп сотқа талап-арыз берген.

Сот оны ішінара қанағаттандырып, 1,3 млрд теңгені мемлекетке қайтаруды міндеттеді. Бұл қаражат 3 ай ішінде қайтарылуы тиіс. Ал Елжан Біртанов бұл қаражатты өзіне меншіктемегенін, денсаулық сақтау министрлігі халықаралық компаниямен соттасуы қажет екенін айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама