×

«Платформаны іске қоссақ, бәріміз сотталамыз»: Біртанов экс-министр Алексей Цойдың соттағы сөзі жайлы

Елжан Біртанов 2017-2020 жылдары денсаулық сақтау министрлігін басқарды

 Айгерім Таубай 17.03.2023 | 15:39

Елімізде үкімет мүшелері құқық қорғау органының қысымымен жұмыс істейді. Мұндай пікірді экс-министр Елжан Біртанов Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында айтты.

Денсаулық сақтау саласындағы бірыңғай платформаны қабылдап алу ісі бойынша 5 жылға бас бостандығы шектелген экс-министр Елжан Біртанов тергеудің мақсаты өзін және Олжас Әбішевті соттау болғанын мәлімдеді.

«Алексей Цой сотқа келіп, сұрақтарға жауап берді. Толық ақпарат берді. Тергеу органдары 2015-2017 жылдары болған тірліктерге қатысты ешқандай сұрақ қойған жоқ. Платформа бойынша келісімшартқа 2015 жылы қол қойылған. Ол кезде жауапты министрлікті (денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі) Тамара Дүйсенова басқарған. Вице-министр қызметін Алексей Цой атқарған. Осыған жауапты болған мамандарға ешқандай сұрақ қойылмады», - дейді Біртанов.

Айтуынша, тергеу 2018 жылы болған жұмыстарға қатысты ғана жүргізілген.

Тергеудің негізгі мақсаты – шындықты анықтамау. Негізі мақсаты – Олжас Әбішев екеумізді соттау. Себебі платформаны қабылдаған комиссия құрамындағы 21 адамның 19-ы сотқа шақырылды. Бәрі сұрақтарға жауап берді. Бәрінен «менің атымнан жұмыс істемейтін платформаны қабылдаңдар деген тапсырма, қысым болды ма?» деп сұрадым. Комиссия мүшелері қысым болмағанын айтты, - дейді экс-министр.

Бәрі платформаның жұмыс істейтінін көргеннен кейін ғана қол қойғанын айтқан. Алайда сот үкіміне куәгерлер Біртановтан тапсырма алды деп жазылған.

«Бір де бір куәгер сотқа мұндай ақпарат бермеді. Алексей Цой сотта «біз бұл платформаны іске қоссақ, бәріміз сотталамыз» деп айтып қалды. Өзіне қатысты қысымның бар-жоғын сұрадым. Ол сұрақтан қашты. Оларға тергеу органдары тарапынан қысым жасалды, қазір де жасалып жатыр деп ойлаймын. Тек қана денсаулық сақтау министрлігі емес, Үкімет мүшелері құқық қорғау органының қысымы арқылы жұмыс істейді», - дейді Елжан Біртанов.

Айта кетейік, 2022 жылдың 28 қазанында сот шешімімен Елжан Біртанов 5 жылға, Олжас Әбішев 4 жылға бас бостандығынан шектеу жазасына кесілді.

«Сот Елжан Біртановты қылмыстық кодекстің 361-бабы 3-бөлігі бойынша санитарлық авиация ұшағын қолданғаны үшін кінәсіз деп таныды. Елжан Біртанов пен Олжас Әбішевті қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танып, Біртановты 5 жылға бас бостандығын шектеуге, Олжас Әбішевке 4 жылға бас бостандығын шектеу туралы үкім шығарды», - делінген сот үкімінде.

Сондай-ақ оларға пробациялық бақылау қойылатыны айтылды. Екеуі де өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды. 

Денсаулық сақтау министрлігі бұрынғы министрге қарсы «пациенттер, дәрі-дәрмектер және медициналық бұйымдар туралы барлық деректі біріктіруге тиіс болған жұмыс істемейтін ақпараттық платформаны қабылдап, пайдалануға берген» деп айыптап, 1,5 млрд теңге шығын келтірді деп сотқа талап-арыз берген.

Сот оны ішінара қанағаттандырып, 1,3 млрд теңгені мемлекетке қайтаруды міндеттеді. Бұл қаражат 3 ай ішінде қайтарылуы тиіс. Ал Елжан Біртанов бұл қаражатты өзіне меншіктемегенін, денсаулық сақтау министрлігі халықаралық компаниямен соттасуы қажет екенін айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама