Сот шешімі алғашқы күннен-ақ белгілі болған – Елжан Біртанов
Экс-министр істі қараған судья Ибрагим Әлкеновтің әрекетіне де наразы
Бес жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілген Елжан Біртанов өзіне қатысты сот үкімі алғашқы күннен-ақ дайын болғанына сенімді. Бұл туралы экс-министр Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында айтты.
«Басында Олжас Әбішев (бұрынғы вице-министр) екеумізге «мемлекет қаражатын жымқырды» деген айып тағылды. 2021 жылдың көктемінде, бір жылдан кейін тергеушілер ақпараттың бәрін жинады. Тергеу жүргізіп, қылмыстың жоқ екенін түсінді. Бірақ артқа шегіне алмайды. Себебі қызметінен кетеді. Бізді босатса, бүкіл басшылық жұмыстан кетеді. Содан кейін маған қысым жасады. «Немқұрайлық» деген айыпты мойындаңдар деді. «Мойындасаңдар, сот тез өтеді. Шартты түрде жаза тағайындалады» деп қысым жасады», - дейді Біртанов.
Айтуынша, мұны мойындамаса, тағы да басқа айып тағылатынын айтқан.
Мен ешқандай қылмыс жасаған жоқпын. Мені мыңнан аса адам қолдап отыр. Олар маған сенеді. Мен қылмыскер емеспін. Оны қалай мойындаймын? Содан кейін балаларым мен достарымның көзіне қалай қараймын? Ешқандай қылмыс жасаған жоқпын. Мойындамаймын. Құқық қорғау органдарына көмек беру дұрыс емес. Олар қате жасаса, оны мойындауы керек, - дейді Біртанов.
Біртановтың сөзінше, істі сотқа жолдануына бір күн қалғанда санавиацияға қатысты да айып тағылған.
«Әр сот отырысында түрлі ұсыныс жасадық. Оның арасында істі тоқтату туралы өтініш айтылды. Бастапқыда үміттеніп күтетінбіз. Заңға әр адам сенеді. Қазір оның жай үміт болғанын түсінемін. Біздегі соттарда заң телефон арқылы жұмыс істейді. Оларға жоғары жақтан қандай тапсырма берілсе, солай шешім шығарады», - дейді ол.
Сондай-ақ Елжан Біртанов істі бірінші инстанцияда қараған судья Ибрагим Әлкеновке де қатысты ойын айтты.
Сотта істі қараған судья Әлкенов бір сөзімізді қағазға түртіп алған жоқ. Бір жылда соның бәрін есіне қалай сақтап отырады? Түрлі мәселе, түрлі дерек болды. Үстелінде бір қағаз жоқ. Ұйықтап отыр ма, тыңдап отыр ма... Сол кезде түсіне бастадық. Біздің шындығымызды, кінәміз жоқ деректерді көрсетсек, бәрі түсінікті деп қабылдамайды. Сот шешімі алғашқы күннен дайын болған, - дейді Біртанов.
Сұқбаттың толық нұсқасын сілтеме арқылы көруге болады.