Юлай Шамилоғлы: «Қазақ тілінің дүниенің латынына үлес қосуы дұрыс емес»
AQ soile жобасының келесі қонағы – түрколог, Назарбаев универсетінің профессоры Юлай Шамилоғлы
Белгілі түрколог, Назарбаев университетінің профессоры Юлай Шамилоғлы Halyq Uni порталына берген сұқбатында латын графикасына көшу туралы Қазақстан билігінің бастамасына қатысты пікірін айтты.
Юлай Шамилоғлы Қазақстанның латын әліпбиіне көшу туралы бастамасы күрделі мәселеге айналғанын жоққа шығармады. Түрколог ғалымның айтуынша, оның басты себептерінің бірі – Қазақстанның латын графикасын қабылдаған түркі тілдес халықтарының қолданысындағы әліпбиіне ұқсамайтын жол іздеуінде.
Қазақ тілін біле тұра, латын әліпбиін біле тұра ұсынылған жаңа нұсқаларды түсіне алмаймын. Басында қайтадан кириллицаға салып оқып, содан кейін ғана түсінетін едім, - дейді ғалым.
Юлай Шамилоғлы Қазақстан билігінің латын графикасына көшу туралы нақты бір шешімге келе алмауын «қоғам мен үкімет екіге бөлінген» деп топшылайды.
Одан бөлек, университет профессоры қазақстандық ғалымдарды латын әліпбиіне көшу барысында тілдің фонетикалық заңдылықтарын барынша сақтап, кириллицаға көшкен кезде жіберген қателіктерді қайталамауға шақырды.
Айта кетейік, 2017 жылы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» жарлыққа қол қойған еді. Жарлық аясында Үкіметке қазақ тілі әліпбиінің 2025 жылға дейін латын графикасына кезең-кезеңімен көшуін қамтамасыз ету тапсырылды.