×

Мырзағали Айтжанов қазақ пен өзбек боксын салыстырды

Бұрынғы биігімізге жету үшін бар күшімізді саламыз, - деді ол

 Дастан Жұмабекұлы 14.03.2023 | 10:11
фото: Қазақстан бокс федерациясы

Бокстан Қазақстан ұлттық құрама командасының бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов Бокс федерациясы ұйымдастырған пресс-тур кезінде қазақ пен өзбек боксын жиі салыстырып жүрген адамдарға жауап берді.

Оның айтуынша, соңғы кезде қазақ пен өзбек боксшыларын салыстыратын адамдар көбейіп кетті. Қазір еліміздің былғары қолғап шеберлері осыдан бірнеше жыл бұрынғы деңгейге жету үшін қолда бар мүмкіндіктің бәрін жасап жатыр.

Шыны керек, соңғы кезде есеміз кетіп жүр. Оны мойындау керек. Енді біз бұрынғы қалпымызға, бұрынғы биігімізге жету үшін бар күшімізді саламыз. Сол деңгейге жету – басты мақсатымыз, – деді ол.

Осы ретте бас жаттықтырушы Болгарияның астанасы София қаласында Странджа кубогы үшін өткен халықаралық турнирдегі боксшылардың сәтсіздігі туралы да айтып берді. Ол турнирге ұлттық құраманың бірінші нөмірлі спортшыларын апармағанын, негізгі құрамнан 75 келідегі Нұрқанат Райыс пен 91 келіден аса салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаевтың ғана шаршы алаңға шыққанын, басқа боксшылардың барлығы екінші, үшінші, төртінші нөмірлі спортшылар болғанын ескертті.

Бұл турнирде Райыс қола жүлдегер атанды. Жарысқа негізінен ұлттық құраманың екінші, үшінші, төртінші нөмірлі спортшылары қатысты. Оларды да шыңдап, әлеуетті мүмкіндігін байқап отыруымыз керек, – деді Айтжанов.

Сондай-ақ ол Қамшыбек Қоңқабаевтың өзбекстандық Бахадүр Жалоловпен неліктен қолғап түйістірмегенін айтты.

Қамшыбек жарақат алған. Сол себепті, оны шаршы алаңға шығармадық. Бұл – халықаралық турнир ғана. Алда Өзбекстанда әлем чемпионаты болады. Жеребе жолықтырса, екеуі тағы да кездесуі мүмкін. Сол кезде бәрі шешіледі, – деді бас жаттықтырушы. 

Оның сөзінен белгілі болғандай, қазіргі ұлттық құраманың боксшылары Англия, Әзербайжан мен Тәжікстан боксшыларымен бірігіп, жаттығу жиынын өткізіп жатыр екен.

Команда мүшелері әлем чемпионатына тиянақты дайындалып жатыр. «Ақбұлақ» базасында бар жағдай жасалған. Мұндай заманауи кешенге шетелдік командалар да таңқалып жатыр. Әлем чемпионаты қарсаңындағы соңғы жаттығу жиынын Түркістан облысында өткіземіз. Ал жарысқа баратын боксшылар сәуір айында толық анықталады, – деді ол.

Оның тағы бір айтқаны, әзірге бірінші нөмірлі боксшылар арасында салмақ ауыстыруға қатысты ауыс-түйістер болған жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама