Halyq Uni логотип
×

«Қарашөкеев бізді алдап отыр». Мұхтар Тайжан Ауыл шаруашылығы министрін ашық талқылауға шақырды

Қоғам белсендісі ғарыштық мониторингтің жүргізілмегеніне жылдан асқанын жеткізді

 Ербол Тұрымбет 01.04.2022 | 12:31
«Қарашөкеев бізді алдап отыр». Мұхтар Тайжан Ауыл шаруашылығы министрін ашық талқылауға шақырды
фото: Мұхтар Тайжан, Ербол Қарашөкеев

Кеше премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Экономиканы монополиясыздандыру жөніндегі комиссияның екінші отырысы өтті. Комиссия отырысында пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жұмыс істеп тұрған шаруа қожалықтарына беру және негізсіз жекешелендірілген объектілерді мемлекет меншігіне беру тетіктері мәселелері қаралды.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев баяндама жасап, 2019-2021 жылдары атқарылған жұмыстардың нәтижесінде пайдаланылмайтын немесе мақсатты пайдаланылмай жатқан 8,1 млн га ауыл шаруашылығы жері анықталғанын айтты. Оның сөзінше, тиісті шаралардан кейін осы көлемнен 3,4 млн га жер телімін бұрынғы меншік иелері игере бастаған. Тағы 2,1 млн га жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Және бір 2,6 млн га жергілікті атқарушы органдардың қарауында.

Қоғам белсендісі Мұхтар Тайжанның айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев келтірген цифрларда айтарлықтай өзгеріс жоқ. Оған дейін АШМ-ды басқарған Сапархан Омаров 2020 жылдың желтоқсанында пилоттық жоба ретінде төрт облыста (Шығыс, Маңғыстау, Ақмола, Қостанай) ғарыштық бақылау жүргізілгенін, нәтижесінде пайдаланылмай жатқан 8,3 млн гектар жер анықталғанын айтқан. Оның ішінде 2,6 млн гектар жайылым ерікті түрде мемлекеттік меншікке қайтарылып, 5,7 млн гектар жер иелеріне заңбұзушылықтарды жою туралы хабарлама жіберілген.

«Яғни, 2020 жылғы пайдаланылмай 8,3 га мен биылғы 8,1 млн га жер аумағы деректері өзгеріссіз қалып тұр деуге болады. Неге? Өйткені, былтыр ғарыштық бақылау жыл бойы жұмыс істеген жоқ. Әлі де істемей тұр. Иә, алдыңғы жылы шынымен пилоттық жоба ретінде 4 облыста жұмыс істеп, шын мәнінде 8,3 млн га жер анықталды. Өйткені, пилоттық жобаны 2021 жылы министр Сапархан Омаров тоқтатып тастап, оның ізін басқан Ербол Қарашөкеев те жүргізбей отыр. Соның кесірінен пайдаланылмай жатқан жер көлемі бойынша деректер екі жылдан бері өзгеріссіз тұр. Ал министр Қарашөкеев сол сандарды алып 2019-2021 жылдар аралығы деп қоса салған. Осылайша, министрлеріміз бізді алдап отыр, ал премьер-министр Әлихан Смайылов оның артын жауып отырған сияқты», - дейді Мұхтар Тайжан.

Қоғам белсендісінің кеше Ауыл шаруашылығы министрлігінен қоңырау шалып, министр Қарашөкеев дүйсенбі күні кез келген уақытта қабылдауға дайын екенін жеткезген. Бірақ Мұхтар Тайжан министрдің қабылдауына бармайтынын, мәселені ел алдында ашық айтып, барлық құжатты талқылау мақсатында министрді тікелей эфирге шақырды. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама