Ол мемлекеттік қызметке кірісерде қазақ тіліне деген құрметсіздікпен бетпе-бет келгенін айтты
«Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры, Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі Элина Паули Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында мемлекеттік қызметкерлердің қазақ тілінен тест тапсыруын міндеттеуді ұсынды.
«Мемлекеттік қызметке кірісерде қазақ тілінен тест тапсырдым. Сонда бақылаушы жаныма келіп, орысша «қорқпаңыз, қазақ тілі бәрібір саналмайды» деді. Онысы маған ұнаған жоқ. Мемлекеттік қызметкер халықтың, соның ішінде өзге ұлт өкілдерінің алдында қазақ тілінің дәжересін көтеруі тиіс. Сондықтан мемлекеттік тілден тест тапсыруды міндеттеу керек», - деді Элина Паули.
Элина Паули мемлекеттік қызметке орналасу үшін таныс емес, күйзеліс жағдайына төзімділік пен елге деген махаббат керек деп отыр.
«Мемлекеттік қызметкер болу – үлкен жауапкершілік. Ол халыққа қызмет. Жұмыс кешкі сағат 18:00-де аяқталмайды. Бүгінде тамыр-таныстықпен жұмысқа орналасу жағы өзгере бастады. Жаңа Қазақстан бір күнде құрылмайды. Президент қана өзгертпейді. Ол әр адамның міндеті деп ойлаймын. Осы бағытта біз өз үлесімізді қоссақ, бірнеше жыл ішінде Жаңа Қазақстанды көреміз», - дейді Элина Паули.
Сонымен қатар «Қоғамдық келісім» орталығының директоры Президенттік кадрлық резерв мүшелерінің бүгінде немен айналысып жатқанына тоқталды. Қазақстандағы әлеуметтік лифт, жас министрлер мен мемлекеттік қызметкерлерге қойылатын талаптар жайында пікір білдірді.