Бірлігіміз бекем болса, тосқауылдың бәрін еңсереміз, – деді президент
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Орал қаласында орналасқан «Атамекен» мәдениет сарайында болды.
«Атамекен» – Батыс Қазақстан облысындағы ең үлкен өнер ордасы. Ол 920 адамға арналған. Президент онда өңірдің тарихи-шығармашылық мұраларына арналған көрмені тамашалады.
Бұдан кейін мемлекет басшысы мәдениет сарайының мәжіліс залында өңірге еңбегі сіңген азаматтармен кездесті. Олардың арасында өңірдің дамуына үлес қосып жүрген сала мамандары мен оқыс оқиғалар кезінде белсенділік танытып, азаматтық үлгі көрсеткен кісілер де бар.
Президент өңір белсенділерімен пікір алмасты. Ол бүгін облыстың тыныс-тіршілігімен танысып жүргенін айтты. Сондай-ақ Батыс Қазақстанды еліміздің дамуы үшін маңызды өңір деп атап өтті.
Облыстың әлеуеті зор. Елімізде ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Осындай кезеңде біз үшін ең құнды нәрсе – бейбітшілік, өзара түсіністік. Осы жолда бәріміз бір ел болып еңбек етсек, ешқандай кедергі болмайды. Бірлігіміз бекем болса, тосқауылдың бәрін еңсереміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы кездесуге қатысқан ғалымдарға, жастарға, еңбек адамдарына қолдау көрсетілетінін жеткізді. Сонымен қатар, Президенттік жастар кадрлық резерві әлеуметтік лифт ретінде жұмыс істей бастағанын атап өтті.