×

«Докторанттарды шетелде оқыту керек»: Ғалым елдегі ғылымды дамыту жолын атады

Докторант қазіргі бөлінетін қаражатқа шетелдік жетекшісіне 1-2 айға да бара алмайды

 Айнұр Шошаева 06.03.2023 | 14:38
Коллаж: Halyq Uni

Қазақстанда 2023-2025 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыру әлі басталмады. Конкурс ережесіне сәйкес, ғалымдардың мақұлданған жобаларына қаржы ақпан айында берілуге тиіс еді, деп хабарлайды Halyq Uni.  

Қазақстандық ғалым Мақсат Жабағинның айтуынша, жас ғалымдарға арналған конкурсқа өтінім қабылдау 2022 жылдың 23 қарашасында, ал жалпы конкурс 2022 жылдың 30 қарашасында аяқталған. Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығының сайтында жарияланған заңға негізделген ақпаратқа сәйкес, ғылыми-техникалық сараптама 49 жұмыс күнінде бітуі керек. 

«Бюджеттен министрлікке қаржы бөлінді. Бірақ әрі қарай оны ғалымдарға жеткізу мәселесінде қиындықтар туындап тұр. Жаңа реформа аясында гранттардың конкурсын жыл сайын жариялайтын болды. Былтыр соңына қарай 2023-2025 жылдарға арналған гранттық қаржыландыруға конкурс жарияланды, ғалымдар өз өтінімдерін тапсырды. Сол конкурстың ережесі бойынша өтінімдерді қарастырып, қайсысы лайықты екенін сараптама өткізіп ақпанда жобалар басталуы керек еді. Бірақ ақпан бітті, наурыз басталды. Бірақ ол жобалар әлі экспертизадан өтпеген. Одан кейін ұлттық ғылыми кеңестерге баруы керек, ол жерде біршама сараптамадан өтуге тиіс. Сондай-ақ биылдан бастап аппеляцияға беруге мүмкіндік бар. Оның өзі бір-екі ай уақыт алады», – деді ол. 

Сондай-ақ ол конкурсты көрсетілген мерзімде өткізбеген ресми орган жауапқа тартылмайды деп есептейді. 

Ғалымдар жобаны ұтып алып, шарт жасағанда міндетті түрде есеп пен мақаланың мерзімін бекітеді. Егер бір күн кешігіп қалсақ, айыппұл салады. Мақала уақытында шықпаса, қара тізімге енгізіліп, келесі конкурсқа қатыса алмаймыз. Ал егер министрлік конкурсты уақытында өткізбесе немесе қаржыны аудармаса ештеңе болмайды. Ойын ережесі бірдей емес. Бұл жағдай жылдан жылға қайталанып отырады. Ауру қалса да, әдет қалмайды деген осы. Бірақ осы мәселе үшін ешкімді жауапкершілікке тартпайды, – деп қосты. 

Сондай-ақ гранттық жобаларды үш жылдық қаржыландырудың тиімді екенін айтады. Алайда ескеретін тұстары бар дейді. 

«Үш жылдық қаржыландырудың тиімді тұстары бар. Алайда инфляцияны ескерсек, ғалымдардың қолданатын реагенттері қымбаттайды. Ол мәселе де бар. Жалпы гранттық жүйені біз ойлап тапқан жоқпыз, халықаралық тәжірибе. Бірақ қай уақыта жариялайды, сараптамадан өткен соң ғалыммен шарт жасалады. Сол уақыттан бастап 3 немесе 5 жыл саналады. Олар біз сияқты есеп тапсыру мерзімі деп жылдың аяғына байланып қалмаған. Бізде міндетті түрде заң бойынша жылдың соңы қарашаның 1-не дейін министрлікке есеп тапсыру керек», – деп қосты ғалым. 

Оның пікірінше, соңғы жылдары билік отандық ғылымды дамыту мәселесіне назар аударып, қаржыны ұлғайта бастады. 

«Соңғы жылдардағы үрдісті айтатын болсақ, қаржы ұлғайып жатыр. Алайда халықаралық деңгейге жету үшін ІЖӨ-нің 1 пайызына жеткізу керек. Сол кезде ғылым дамиды және экономикаға үлесін қоса алады. Егер оған жеткізе алмасақ, ғылым даму үшін емес, жоқ болып кетпеуі үшін ғана жасалады. Бізде ғылымға салынған қаржы өте төмен болды. Тіпті тәуелсіздік жылдарында ғалымдар азайып кетті. Мысалы, неше жаңа институт ашылды? Мен білетін Ұлттық ғылыми биотехнология институты ғана ашылды. Қалған орталықтар негізінен Алматыда шоғырланған, оның өзі көбі совет үкіметі кезінде салынған. Министр Саясат Нұрбек келгенде Генетика және физиология институтына барды. Сол кезде едендері жарылған, тозып жатқанын өзі көрді», – деді ол. 

Сонымен қатар, ғалым ғылымды дамыту үшін қаржыны бөліп қоймай, оны дұрыс қолдану керек деп есептейді. 

«Біріншіден, кадр даярлау мәселесі. Қазір магистратура мен докторантураға бөлінетін грантты көбейтеміз дейді, бұл дұрыс. Бірақ әр докторантқа өзінің ғылыми жетекшісі керек. Сапалы ғылыми жетекші жеткілікті ме? Қазірдің өзінде бөлініп жатқан ғылыми гранттарға сапалы ғылыми жетекшілердің жетіспеуінен докторантура бітіріп, PHD дәрежесін қорғаған жаңа ғалымдар саны аз, тек 30 пайыз ғана. Ал халықаралық дәрежені алып қарасақ орта есеппен 50-60 пайыз болуға тиіс. Екіншіден, инфрақұрылым мәселесі. Қазіргі пайдаланып жүрген құрылғылар 15-20 жыл бұрын алынған. Олардың бәрі ескіріп жатыр», – деді ғалым. 

Сондай-ақ ол докторантурадағы қос жетекшілікке қатысты өз пікірімен бөлісті. 

Бірнеше жылдан бері қос жетекішілік туралы айтылып жүр. Мәселен, докторантураның бір бөлігін Қазақстанда оқып, қалған бөлігін егер эксперименттік зерттеулері болса, шетелдік ғылыми орталықтарда тәжірибеден өтетіндей ету. Бастапқыда елімізде қос жетекшілік енгізілген, жетекшінің біреуі Қазақстанда, біреуі шетелде болатын. Бірақ докторант қазіргі бөлінетін қаражатқа шетелдік жетекшісіне 1-2 айға да бара алмайды. Мықты деген шетелдік орталықтан жетекші табу үшін де қаржы бөліуге тиіс. Қазір кім тегін келісе алады, соған байланысты, яғни, жүйелілік жоқ, – деді Мақсат Жабағин. 

Еске сала кетейік, соңғы жылдары «Болашақ» бағдарламасымен қазақстандық ғалымдарды шетелге тағылымдамаға жіберіле бастады. Ғалымның пікірінше, еліміздің зерттеу институттарына шетелдік ғалымдарды шақыру тәжірибесін енгізу қажет. 

«Енді шетелдік ғалымдарды Қазақстанға шақыру қажет. Мысалы, АҚШ-тың ғылымының тез дамыған себебі шетелдің мықты ғалымдарын өзіне тартты. Бізге де осы екінші жолды ашу керек. Еліміздің кейбір университеттерінде шетелдік профессорларды шақыратын бағдарлама бар, оған қаржы да бөлінеді. Енді осы тәжірибені кеңейтіп, тек сабақ оқыту үшін емес, зерттеу жүргізу үшін шақыру керек. Қазақстандық зерттеу институттарына шетелдік ғалымдарды бір жылға әкелсе, сондағы жас ғалымдар одан ғылыми әдістерді үйрене алатын еді. Бұл біздің 10-15 адамның шетелге барып, үйреніп келгенімен бірдей», – деп толықтырды. 

Сонымен қатар, ол қазір бизнестің ғылымды қаржыландыруын ынталандыру қажеттігін атап өтті. 

«Қазір Ғылым және жоғары білім министрлігі жаңа заң жобасын әзірлеп жатыр. Онда бизнесті ғылымды дамытуға ынталандыру тетіктері көзделген. Бірақ мемлекет жасап беретін негіз – кадр мен инфрақұрылым болмаса, ешқандай бизнес қызықпайды. Мәселен, шетелде бай-бағыландар қор ашып, ғалымдардың зерттеуіне ақша салады. Бізде ондай жоқ. Ғылым қоры бар, оның өзін мемлекет қаржыландырады», – деп қорытындылады сөзін Мақсат Жабағин.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама