Өзбекстан Бокс федерациясы әлем чемпионатына қатысты мәлімдеме жасады

Дастан Жұмабекұлы

Біз халықаралық спорт нормаларын ұстанатын елміз, - делінген хабарламада

фото: ашық дереккөз

Өзбекстан бокс федерациясы 30 сәуір мен 14 мамыры аралығында Ташкент қаласында өтетін бокстан әлем чемпионаты туралы БАҚ-та тараған алып-қашпа әңгімеге, жаңалықтарға қатысты мәлімдеме жасады.

Әлемдегі қалыптасқан саяси жағдайға байланысты кейбір интернет ресурстары мен әлеуметтік желілерде 30 сәуір мен 14 мамыр аралығында Ташкентте өтетін бокстан әлем чемпионаты туралы біржақты ақпараттар тарап жатыр. Әлем чемпионаты  екі жылда бір рет өтеді. Оны Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) ұйымдастырады. Өзбекстан тарапының турнирге қатысу үшін тіркелген елдердің қатысуын немесе қатыспауын анықтау өкілеті жоқ. Өзбекстан жарысты өткізуші мемлекет болып, оны ұйымдастыру мәселелерімен ғана айналысады.

Чемпионатқа қатысатын құрама командаларды, спортшылар мен жаттықтырушыларды, төрешілерді тіркеуді IBA қадағалайды. Өзбекстан жарысты өткізу құқығын жеңіп алған кезде ұлттық құрамалардың немесе спортшылардың халықаралық турнирлерге қатысуына шектеулер болған жоқ», – делінген мәлімдемеде.

Сондай-ақ Бокс федерациясы Өзбекстанның халықаралық спорт нормаларын ұстанатын және спорттың саясаттан бөлек принципін қолдайтын ел екенін мәлімдеді.