×

Ақылы әжетхана ашып күнелткендер еді – кәсіпкер Қазақстанға келіп байыған шетелдік олигархтар жайлы

1995 жылы Нұрсұлтан Әбішұлына ірі кәсіпорындарды шетелдіктерге басқаруға беруге болмайтынын айтқанмын, - дейді ол

 Еркеғали Болатұлы 05.03.2023 | 12:48
фото: дереккөз

Белгілі кәсіпкер, меценат Марат Нәбиев Qasqa Jol Youtube арнасында журналист Абай Сейфуллаға берген сұхбатында Қазақстанға келіп, шикізатпен байыған шетелдік инвесторлар жайында айтты.

«Жердің асты мен үстіндегі байлық біздің елде болуы керек еді. Бірақ бүкіл дүниежүзіне кетті бәрі. Шеврон, Митталдарға, еврей, кәріс және тағы басқаларға кетті. Шын мәнінде, қазақтар бұлардың ешқайсынан кем емес еді. Алайда бейшара болып отырмыз.

Болат Әбілов, Мұхтар Жәшікевтер кез келген кәсіпорынды жүргізе алатын еді. Бірақ қазақ жігіттерді жақындатпады. Шетелден келгендер ешқандай жақсылық ойламайды. Шынында, келгенде бейшаралар келеді. Өтірік емес, Машкевич – Қазақстанға келгенде ақылы туалеттер ашқан адам. Патох Шодиевтер – утиль сүйреумен айналысқан адамдар. Мұнда келді де бәрі бай болып кетті. Олардың қалтасында бір тиын да болған жоқ. Ақылы туалеттер ашқан адамда не ақша бар дейсің?

Енді жүр, 6 мемлекеттің азаматтары атанған. Олар бізден кетсе, ештеңе қалмайды, әкететіндерін әкетіп те қалды. Ендігі міндетіміз – қалған дүниемізді қайтарып алу», - деп пікір білдірді Марат Әскенұлы. 

Оның ойынша, ірі кәсіпорындар мемлекеттің қарауында болуы керек. Мұндай ойын ол кезінде бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевқа да айтқан екен. 

1995 жылы Нұрсұлтан Әбішұлына ірі кәсіпорындарды шетелдіктерге басқаруға беруге болмайтынын айтқанмын. «Олар алдап кетеді. Мұнайдан 6-орындамыз, соны өндірейік, мұнай зауытын тұрғызып өңдейік. Мұнай-химия зауытын салайық. Бензин, полиэтилен, басқа да өнімдер алайық. Ақыр соңы француздарды шақырып, Made in France парфюм өнімдерін дайындап сатайық», - дедім.

Мыс өндіру бойынша да солай еді, түрлі бұйымдарды өзіміз шығарар едік. Қазір, міне, электростанцияларға қажетті чиптерді таппай, қымбатқа жапондардан сатып алып жатырмыз. Шикізат сатқан ел ешқашан ел болмайды. Қазақстанда істейтін адамдар бар, тек оларды іздеу керек», - дейді кәсіпкер. 

Сонымен қатар, ол аталған олигархтар Назарбаевтың ықпалы арқылы Марат Нәбиев басқаратын кәсіпорындарды тартып алғанын, атап айтқанда, үндістаннан келген Лакшми Миттал 1996 жылы Лисаков кен байыту комбинатын, ERG басшысы Александр Машкевич 2004 жылы Ақмола облысындағы вагон жөндеу зауытын, кейін басқа да ықпалдылар Сарыадыр кен орнын рейдерлік жолмен алып қойғанын айтып отыр. 

Сұхбаттың толық нұсқасын төмендегі видеодан көруге болады. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама