«Мені әже деп айтпа...». Қарттарымыз өз қадірін өздері кетіріп жүр (ВИДЕО)
Ыржың-тыржың, жастармен бірге ТикТокқа шығып алған
Қоғамның қазығы шайқалып, жастардың кері кетуіне қарттардың өзі кінәлі. Ұрпаққа үлгі-өнеге беріп, қатесін түзейтін әжелердің өздері одыраң мінез танытып, тик-токта жүр.
Бұл туралы «Қара шаңырақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің директоры Тұрар Саттарқызы «Сұрауы бар» Youtube арнасына берген сұхбатында айтты.
Журналистің «Қарттардың қараусыз қалуы баланы қазақша емес, орысша мектепке беріп, қазақы тәрбиеден алшақтатудың кесірі ме?» - деген сұрағына студия қонағы «Орысша оқысын, қазақша оқысын, барлығы үйдегі тәрбиеге байланысты», - деп жауап берді.
Қарттарымыздың өздері де лайықты болмай жүр ме деген ой келеді. Ақыл айтатын әжелеріміз, бата беретін аталарымыз азайған заман. Қазір бізде қарттықты мойындамау, жас көрінуге тырысу, суперәже, «большая мама» болу деген шықты. «Мені апа деп айтпа, мен апашка емеспін», «мені әже деп айтпа, мен супер мамамын» деген сөздер қарттарымыздың қадірін кетіріп жатқан сияқты.
Тойға барсаң ұяласың. Тәйт дейтін әжені көрмейсің. Ыржың-тыржың, жастармен бірге ТикТокқа шығып алған. «Цветная вечеринка» деген бәле шықты. Ұлттық құндылықтарымызға мән беретін кез келді», - деді Тұрар Саттарқызы.