Орыс еріктілер жасағы Ресей жеріне шабуыл жасады (ВИДЕО)
Біз бейбіт халықпен соғыспаймыз. Өз туған жерімізді азат етеміз, – деді олар
Украина Қарулы күштері сапында соғысып жүрген Орыс еріктілер жасағының сарбаздары Ресейдің Брянск облысына шабуыл жасады. Бұл туралы «Коммерсантъ» газеті хабарлады.
УҚК жағында соғысып жүрген Орыс еріктілер корпусы Брянск облысының Любечане селосына жасалған шабуылдың жауапкершілігін өз мойнына алды. Қылмыскерлер шекара бойындағы елді мекенді бірнеше сағат басып алып тұрды. Бір машинаны оқтың астына алып, жүргізушіні өлтірді. Бір баланы жарақаттады. Сосын фельдшерлік бекет алдында видеоүндеу жасап, суретке түсті де оқиға орнынан кетіп қалды. Президент Владимир Путин болған жайтты «теракт» деп атады, – деп жазды басылым.
2 наурызда таңертең Украинаның Чернигов облысының шекарасында орналасқан Брянск облысының бірнеше елді мекеніне украинның UJ-22 Airborne екпінді дрондары шабуыл жасады. Жарылыстардан кейін екі жеке үйде өрт басталды. Электр жарығы мен байланыс желілеріне залал келтірілді. Әзірше төтенше жағдайлар, полиция қызметкерлері мен тергеушілер оқиға болған жерде жұмыс істеп жатыр.
Полицияның хабарлауынша, Любечане селосына ақ желеңдер киген, бақайшағына дейін қаруланған кісілер басып кірген. Олардың жеңдеріндегі сары жолақтар украин әскери құрылымдарына қатыстары бар екендерін білдіретін сияқты. Сарбаздар жергілікті әкімшілік үйін, пошта мен фельдшерлік бекетті басып алып, Любечанеден шығатын жолды жауып тастаған. Содан кейін балаларды мектепке алып баратын машинаны автоматпен атқылаған. Соның кесірінен жүргізуші қаза тауып, 10 жасар бала жарақат алып қалған.
Кейінірек облыс губернаторы Александр Богомаз өзінің Telegram-арнасында екі адамның қаза тапқанын хабарлады. Екіншісі – 1966 жылы туған ер кісі.
Орыс еріктілері жасағының сарбаздары шабуыл жасағанда пошта мен бекеттің қалқасында өз туларын желбіретіп тұрып, бірнеше видеоүндеу жазған. Онда олар өздерінің «Русский добровольческий корпус» деген жасақтан екендерін мәлімдеген. Ал «Орыс еріктілер корпусының» басым бөлігі бұрынғы «Азов» полкының жауынгерлері мен Украина жерінде Ресейге қарсы соғысушы орыс ұлтшылдарынан құралған. Видео мен фотоны әлеуметтік желіге орналастырған олар сосын Чернигов облысына қарай кеткен. ФҚҚ-нің мәліметі бойынша, Ресей ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Қорғаныс министрлігінің қызметкерлері олардың соңдарына түскен.
Федералдық қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері Брянск облысына шабуыл жасағандардың видеожазбаларынан өздеріне таныс адамдарды тауып алыпты. Оның бірі – Денис Никитин (бұрынғы Капустин) 2017 жылы Украинаға кеткен, Ресейде жекпе-жек төбелес ұйымдастырушы ретінде танылыпты. Тағы бірі – әртіс Кирилл Канахин, үшіншісі 2017 жылы Ярославль облысынан Украинаға кетіп, Донбастағы оқиғаларға белсене араласқан Освальж Лемох есімді жігітке ұқсайды екен.
Украина президентінің кеңесшісі Михаил Подоляк та осы оқиғаға байланысты пікір білдірді. Оның айтуынша, Киев бұл оқиғаны ресми түрде Мәскеудің арандатуы деп атайды.
Украин диверсанттарының әңгімесі – Мәскеудің классикалық провокациясы. Осындай арзан алдамшы әрекеттер арқылы олар әуелі аңқау халқын үрейлендіргісі келеді. Бұл – өз еліндегі кедейшілікті ақтаудың амалы ғана. Десе де ресейлік партизандар осал емес. Өз партизандарыңнан қорқыңдар, мәскеуліктер! – деді ол.
Ал өздерін Орыс еріктілер жасағы деп атаған топ Брянск облысына кіріп, ешкімге қару кезенбеген, ешкімді атпаған, еш нәрсені нысанаға алмаған. Олар соғысқа қарсы парақшалар таратып, өздерін видеоға түсіріп қана қайтып кеткен.
Біз бейбіт халықпен соғыспаймыз. Біз Путин режиміне қарсымыз. Өз туған жерімізді Кремль режимінен азат етеміз. Қолға қару алып, қатарымызға қосылыңдар, – деп қана үндеу жасаған олар.
Украина Қарулы күштері Ресейдің Брянск облысында болған оқиғаға өздерінің ешқандай қатысы жоқ екенін мәлімдеді.