Halyq Uni логотип
×

Түркиядағы зілзаладан кейін жер үйге көшкісі келетін алматылықтардың саны артқан

Жаңа пәтерде тұратындардың 70%-дан астамы ескі тұрғын үй қорын құп көреді

 Еркеғали Болатұлы 01.03.2023 | 11:35
Түркиядағы зілзаладан кейін жер үйге көшкісі келетін алматылықтардың саны артқан
фото: yvision.kz

Жаңа салынған көпқабатты тұрғын үйлерде тұратын алматылықтардың үштен бірінен астамы Түркиядағы жер сілкінісінен кейін пәтерден жер үйге көшуді ойластыра бастады, деп хабарлады Zakon.kz.

Айта кетсек, OLX.kz онлайн жарнама сервисінің сарапшылары Түркиядағы жойқын жер сілкінісінен кейін Алматыдағы жылжымайтын мүлік нарығына шолу жасаған.

Зерттеу барысында «пәтер» және «үй» санаттары бойынша ұсыныс нарығы шамалы өскені, сондай-ақ бастапқы тұрғын үйлердің шаршы метрінің орташа құны жоғарылағаны анықталды. Ал зілзаладан кейін алматылықтар арасында жүргізілген сауалнама жаңа салынған тұрғын үй тұрғындарының 35%-ы пәтерден жер үйге көшуді ойластырғанын көрсетті.

Сауалнама көрсеткендей, қала тұрғындарының жартысына жуығы жеке секторда тұрады. Ал пәтерде тұратындардың 70%-дан астамы ескі тұрғын үй қорын құп көретінін білдірген.

Жалпы респонденттердің 29%-ы пәтерден жер үйге көшуді ойлаған. Дегенмен мұндай пікір ескі тұрғын үй қорында тұратындарға қарағанда, жаңа салынған үйлерде тұратын алматылықтар арасында басымырақ екені белгілі болды.

Соған қарамастан, бастапқы тұрғын үйдің шаршы метрінің орташа құны, сирвис мамандарының мәліметінше, Түркияда болған оқиғадан кейін өсіп, 520 мың теңге болды. Ал жер сілкінісіне дейін 500 мың теңге болған.

Бірақ қайталама тұрғын үй нарығында, керісінше, сәл төмендеді (оқиғаға дейін 610 мың теңге, кейін 600 мың теңге).

Бастапқы және қайталама нарықта пәтерлерді сату бойынша ұсыныстар жойқын жер сілкінісінен кейін қалада бірдей 9%-ға өсті.

Түркиядағы қайғылы жағдайдан кейін Алматыда үй сатып алу үшін іздеу саны 18%, жер үйлерді сату бойынша ұсыныстар саны 11% өскен. Қалада 1 шаршы метрдің құны – орта есеппен 300 мың теңге, яғни 2% өсті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама