Қытай Ресейдің Қиыр Шығысына көз сала бастады
ҚХР қытайша атаулары жазылған карта басып шығарды
Қытай Ресей Федерациясының территориясындағы Хабаровск және Владивосток қалаларының қытайша атаулары жазылған карта басып шығарды.
Осы картаға қарағанда, Ресей территориясындағы бірқатар қалалар мен жерлердің қытайша топонимдері қайта оралып жатқан сияқты.
Соңғы кезде Ресейдің Украина территориясындағы сәтсіздіктері туралы кейбір БАҚ-та жарияланған саяси сарапшылардың соғыс қорытындысы бойынша, РФ мемлекет ретінде қазіргі қалпын сақтап қала алмайды. Ол бірнеше жаңа мемлекеттік құрылымдарға ыдырап кетеді деген пікірлер жиі көріне бастады. Мысалы, Қытай БАҚ-тары Ресей территориясындағы 8 қала мен жер аттарының бұрынғы қытайша атаулары қалпына келтірілген карталарды ҚХР Табиғи ресурстар министрлігінің авторлығымен қайта шығара бастады. Әңгіме Ресей империясы XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында басып алған байырғы Қытай территориялары туралы болып отыр.
Міне, осылайша Қытайдың ең соңғы карталарында Владивосток – «Хайшеньвай», Хабаровск – «Боли», Сахалин аралы – «Куэдао», ал Сословный жотасы «Сыртқы Синьган жотасы» болып аталған.
Осы ретте бұқаралық ақпарат құралдары Қытай әскерлерінің Апиын соғыстарындағы жеңілісінен 1858 және 1860 жылдары қол қойылған Айгунь және Бейжің келісімшарттарына сәйкес Амур және Уссури өзендері бойындағы Ресей – Қытай шекарасының белдеулері Ресейдің пайдасына қарай өзгертілгенін еске салып жатыр. Қорытындысында Қытай қазір «Ішкі Маньчжурия» деп аталатын 1 млн шаршы шақырымдық жерінен, сондай-ақ Жапон теңізіне шығатын мүйісінен айрылып қалған.
Бұған дейін Қытай бірер күн бұрын өзінің Украинадағы соғысты аяқтау жөніндегі 12 тармақтан тұратын «бейбіт жоспарын» жариялады. Ол бір жағынан мемлекеттің егемендігі мен территориялық тұтастығын сақтауға шақырса, екінші жағынан «оқ атуды жедел тоқтатуды», яғни Украина территориясынан Ресей әскерлерін алдын ала шығармай тұрып соғысты аяқтауды ұсынады.
Украинаның бұрынғы Сыртқы істер министрі Павел Климкин Қытайдың инициативасын «көптеген тұзақтар құрып тасталған өте сақ мәтін» деп атап, қазіргі әңгіме Бейжіңнің кең ауқымды «ойындағы» белді ойыншылардың бірі болуға ұмтылып отырғаны туралы болып тұрғанын мәлімдеді.