×

Қытай Ресейдің Украинаға соғысын айыптаудан бас тартты

Джо Байден ҚХР-дың ұсынысын сынға алды

 Дастан Жұмабекұлы 27.02.2023 | 11:03
фото: ашық дереккөз

Қытай Үндістанда аяқталған G20 саммитінде Ресейдің Украинаға басып кіруін айыптаудан бас тартып, коммюникені қабылдатпай тастады.

Үндістанда өткен «Үлкен жиырмалық» мемлекет-қатысушылары Қаржы министрлері мен орталық банктері басшыларының саммиті қорытынды коммюникені бекіте алмай аяқталды. Құжаттың қабылдану рәсімін Ресейдің Украинаға басып кіргенін тікелей айыптаудан қашқан Қытай бұзды, – деп хабарлады британдық The Guardian.

Қорытындыда саммитті ұйымдастырушы ел ретінде үнді тарапы кездесудің нәтижесі бойынша өз мәлімдемесін жариялап, онда Мәскеу мен Бейжіңнен басқа елдердің Ресейдің Украинаға кең ауқымды шабуылын шешімді түрде айыптауға дайын екендерін атап көрсетті.

Жарияланған мәлімдеме былтыр Индонезияда өткен «Үлкен жиырмалық» лидерлері отырысындағы мәтінді іс жүзінде толығымен қайталап шығады. Осы аралықта Deutsche Welle газетіне берген сұхбатында ГФР-дың Қаржы министрі Кристина Линднер қорытынды құжатты қабылдауды тап Қытай тарапының бұғаттап тастағанын растады. Сол сияқты, кездесуге қатысушылар коммюникеге «соғыс» деген сөзді кіргізу жөнінде де келісімге келмепті.

Өз кезегінде Бразилия бұрынғыға қарағанда енді өзінің Ресейге қатысты позициясын «барынша айқын және сын көзімен қарауға» бағыттағанын білдірді.

Қытай осының қарсаңында Украинадағы соғысты аяқтаудың өзі дайындаған «бейбіт жоспарын» ұсынған еді. Ұзын саны 12 тармақтан тұратын ол бір жағынан мемлекеттің егемендігі мен территориялық тұтастығын сақтауға шақырса, екінші жағынан «оқ атуды жедел тоқтату», яғни Украина территориясынан Ресей әскерлерін алдын ала шығармай тұрып-ақ соғысты аяқтау жайлы айтылады.

Украина президенті Владимир Зеленский Қытай бастамасына қатысты өзінің ойын білдіре отырып, онда әлі де жетілдіре түсетін тұстар бар екенін айтты. Сөз бірінші кезекте Украинаның территориялық тұтастығына қолдау көрсету хақында болып тұр.

АҚШ президенті Джо Байден өз кезегінде Қытай ұсынысының тек Ресей жағына ғана тиімді екенін айтып, оны сынға алды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама